Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты

Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты


«Білектің дәуірі өтіп, білімнің заманы жетті». XVIII ғасырда әз-Абылай бірді жығар қара күштен қауқары кетіп, мыңды жығар миллиондарды бас идіретін білім екендігін болжап кетті. Көсемді көреген демеске шара жоқ. Үш ғасыр өтсе де әлем білімдіге бас иіп отыр. Білімділігін мойындатқан, ғылымды кәдеге асырған мемлекет қана көш басында келеді. Соғыссыз-ақ ауызына жарты әлемді қаратарлық құдіретке ие. Ал, дамыған мемлекеттермен тең қарым-қатынас орнату үшін әлемдік дәрежеде білім алмақ керек. Сондықтан да билік бюджеттен қомақты қаржыны білім саласына бөледі. Білім ошақтарының жай-күйін назарға алады.
Білім бәсекесінде бабын жоғалтпай, 70 жыл қатарынан түлек ұшырып, шәкірттерінің санасын біліммен нұрландырған №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп лицейін білмейтін жан кемде-кем. Сан түрлі салада еліміздің экономикасын арттырып, ауданның өркендеуі жолында үлес қосып жүрген азаматтардың көбі осы мектеп қабырғасынан білім алды. Атап айтар болсақ, жас ғалым Мұхтар Күлімбеттің жеткен жетістіктері мен әлі де алар асуы өте үлкен. Ол 2005 жылғы мектептің түлегі, бүгінгі мақтанышы. Медицина саласының үздігі АҚШ-ғы TUIANE университетінің ғылым магистрі, Еуропадағы Интервенциялық кардиологтар қауымдастығының жас Ұлттық елшісі атанған болатын. Міне, осындай биіктерден көрініп жүрген «AK NIET GROUP» ЖШС-нің директоры Зерде Бекболатова. Ол мектептің 2015 жылғы түлегі, «Алтын белгі» иегері. Жас ғалымдар арасындағы ғылыми жұмыстар олимпиадасының және Пенза қаласында өткен Халықаралық ғалымдар конференциясының ІІ орын иегері.Мектептің келесі түлегі Ғани Ибраевты да ерекше атап өтуге болады. Гай қызметкері болып жұмысын бастаған ол «Қорған-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС филиалының директоры дәрежесіне көтерілді. 70 жылдық тарихы бар киелі шаңырақтан шыққан шәкірттерді тізбектей берсек, таусылмасы анық. Оның әрбірі әр жерде бір кәсіптің құлағын ұстап, мемлекеттің өркендеуі жолында сүбелі еңбек етіп келе жатқан азаматтар.
Шәкірт ұстазға қарап ой түзейді. Бұл тұрғыда білім ошағының ағартушыларына мін артылмайды. Керісінше мектеп мұғалімдері бәсекеге бейім, иновациялық-технологияны терең меңгеріп, білім берудің халықаралық стандарттарына сай жұмыс жасап келеді. Білім ошағының негізі сонау 1950 жылдың қазан айында орыс мектебі ретінде қаланған. Мектептің ең алғашқы директоры Александр Цой 1950-57 жылдары басшылық жасады. 640 орынды мектеп ғимараты 1968 жылы пайдалануға берілсе, 1992-1993 жылдары орыс-қазақ мектебі болып жұмыс істей бастады. Ал, толығымен қазақ мектебі болып 1994 жылы бекітілді. Ал, 2011 жылы аудан әкімінің өкімімен №46 А.Пушкин атындағы мектепке «мектеп-лицей» статусы берілді. Мектептің іргесі қаланған сәттен К.Дигай, М.Ким, Н.Югай, Н.Ким, Г.Нысанбекова, Ұ.Сейілова, Ә.Нақыпов, Ұ.Найманбаева, Б.Сыздық, Д.Ахбенбетов, М.Тұрабаев сынды білікті де білімді азаматтар басшылық жасады. Бұл күндері 1500 шәкірт білім алатын білім ошағын 2018 жылдан бері
Айжан Қаракеева басқарып келеді. Білім ұясының мәртебесін арттыру, сапалы білім, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында тәжірибесі мол басшы оқушылардың сан түрлі олимпиадалардан жүлделі оралуына қолдау көрсетіп келеді.
«Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы». Сол себепті бала бағбандары оқушыларды рухани толыстыру бағы­тындағы жұмыстарды ешқашан назардан тыс қалдырмайды. Әрбір елдің келешегі мектебіне байланыс­ты. Ал біз сөз еткен білім ошағы әлі де білімді ұрпақ тәрбиелеп, үлкен өмірге қанаттандыруды тоқтатпайды. Яғни, 70 жылдық тарихы бар мектептің мақсаты айқын. Бағдары нық.

Әсел Нұрбекова
24 сәуір 2021 ж. 314 0