Мәңгілік ел – мәңгілік тіл
Даналықтың, даралықтың басы қашанда мектеп табалдырығынан бастау алған. Киелі орда, қасиетті мекен саналатын «мектеп» атты ұлы шаңырақ талай асқар тау, шыңдардан да биік тұрары хақ.
Тәуелсіз елдің бүгінін ертеңге жалғастырар жас жеткіншектердің бәсекеге қабілетті білімді де тәрбиелі болып өсуіне ерекше үлес қосып келе жатқан №252 Г.Ковтунов атындағы мектеп-гимназиясының алар орны ерекше. Өнегелі орда қос ғасырдың алтын көпіріндей қаншама жасқа бастау бұлақ, сара жол, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын елдік, теңдіктің арнасы болды. Аталған мектепте жуырда «Үш тұғырлы тіл», «Абай – дана, Абай – дара қазақта», «Тілім – тірегім, соғып тұрған жүрегім», «Ана тілім – ата-бабам мұрасы» атты апталық өткізілді. Апталық барысында «Тіл білгірі», «Тіл – асыл ойдың бұлағы», «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар», «Ана тілі – айбыным» тақырыптарында мәнерлеп оқу сайысы, дөңгелек үстел, көрме, білім сайысы, тәрбие сағаттары ұйымдастырылды. Сондай-ақ оқушылар өнерін ортаға салып, ән айтып, өлең оқып, би биледі. Апталық қорытындысында белсенді қатысқан оқушыларға алғыс хаттар табысталды.
Ж.Қауғанбаева