Құрылыс жұмыстары қарқынды
Жұма күні аудандағы құрылыс жұмыстарын тексеру мақсатында Қызылорда облысының мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов өңірге арнайы сапармен келіп, аудан әкімі Қамбарбек Мүбараковпен бірнеше құрылыс нысандарын аралады.
Облыстан келген делегацияның алғашқы жұмыс сапары Жиделіарық ауылынан басталды. Меймандар мұнда халық игілігі үшін соғылып жатқан 150 орындық мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Іргетасы өткен жылдың сәуір айында қаланған нысан биыл ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құны 177 млн теңге болатын ауылдық мәдениет үйінің құрылысын өз мойынына алған мердігер компания – «Дарен строй сервис» ЖШС бүгінгі таңда 26 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып, сапалы жұмыс істеп келеді.
Осыдан кейін мәслихат хатшысы бастаған жұмыс тобы «Көкшоқы мөлтек» ауданындағы жастар сарайына атбасын бұрды. Аудан жастарымен кездесу барысында Н.Байқадамов: «Бұл нысан сіздерге галстук тағып, көлеңкелеп отыратын жер емес, жұмыссыз жүрген жастармен етене жақын араласып, бірге жұмыс істейтін орын болуы қажет», – деді.
Одан әрі Шиелі ауданының өткені мен бүгінін бейнелейтін тарихи-өлкетану музейі ғимаратының құрылысымен танысты. Жалпы музейдің қосымша құрылыс жұмысына облыстық бюджеттен 118 млн теңге көлемінде қаржы қаралған. Кездесу барысында музей директоры Өсербек Төребай экспозиция жұмысына 70-80 млн теңге көлемінде қаржы керек екенін айтты.
Естеріңізде болар, өткен жылы ауданда 59691 шаршы метр баспана ел игілігіне пайдалануға берілген. Аудан орталығынан 18 пәтерлі тұрғын үй салынды. Арнайы сапармен келген топ «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында салынып жатқан жаңа көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын да назарға алды. Құрылыс жұмыстарын саралап, үйдің маңына көшет отырғызды. Құрылыс жұмысы өткен жылдың мамыр айында басталған 25 пәтерлі үй бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы аналарға берілмек.
Облыстық мәслихат хатшысы назарға алған келесі нысан Байсын елді мекенінде 1965 жылы салынған №207 «Жаңатұрмыс» орта мектебінің ахуалы болды. Апаттық жағдайда деп танылған мектепке жаңа ғимарат қажет. 250 орындық мектеп құрылысы жұмысына жоба сметалық құжат әзірленіп, оң қорытындысы алынған. Жобаны қаржыландыру үшін облыстық білім басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған. Алдағы уақытта ауылдан сыйымдылығы жоғары білім ордасы бой көтеріп, оқушылар жаңа мектепте білім алатын болады.
Одан әрі, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамовпен аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков, облыстық мәслихат депутаттары М.Нәлібаев, Б.Дүйсенбек, аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыппаров және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Сонымен қатар, Шиелі аудандық индустриалды-аграрлық колледжінің жұмысымен танысты.
Дархан Байтілес