Өндірісті өлкеге өнерден шашу
Киелі Шиелі топырағы үшін биылғы жыл мерейлі әрі мерекелі жыл болды. Жыл қоржыны да толағай табыстармен толықты. Өндірісі өркен жайып, экономикасы көш түзеп, сәулеті мен сәні ерекшеленіп, сымбаты келіскен ғимараттардың көз тартар көрінісіне көңіл тояттайды.
Бұл әрбір саланың тындырымды тірлігінен көрініс тапқан. Сәйкесінше, өңірімізде тұрғындардың әл-ауқаты артып, күрмеуі қиын мәселелер оң шешімін табуда.
Атап айтқанда, еліміздің бас қаласы Астананың 20 жылдығы, алты Алашқа ана болған Сыр елінің бас қаласы Қызылорданың 200 жылдығы, өңірдің торқалы мерейтойы, алған асулары аудан көлемінде айшықты мазмұнда аталып өткен болатын.
Міне, өрелі істері осылайша өрлеген өңірге іс-сапармен атбасын бұрып, жүйелі жұмыстарды бағамдайтын құтты қонақтарды күтуден Шиелі халқы жаңылған емес. Сөзімізді нақтылап, тақырыбымызға ойыссақ, қарашаның кезекті сәрсенбісінде Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаев бастаған делегация тобы ауданда болды. Қызылордалық қонақтарды аудан әкімі Әшім Оразбекұлы бастап, бірқатар өндіріс орындарының жұмыстарымен таныстырды.
Н.Машбекұлы бастаған жұмыс тобы алдымен, жобалық құны 45 млн. теңгені құраған, 2016 жылдың наурыз айында іске қосылған жеке кәсіпкер С.Ермахановтың «АруАна» шұбат өңдеу цехында бас қосты. Мұнда меймандар өнім өндіру барысында пайдаланылып жатқан жаңа технологиялармен, жұмыс барысымен танысып, көңіл тоғайтты. Айта кету керек, тәулігіне 1 тонна шұбат және сиыр сүтінен қаймақ, йогурт, айран, сүзбе, құрт және балмұздақ өнімдерін нарыққа шығарып отырған кәсіпорын өңірлік индустриалды картасына енгізілген болатын. Ауданның дамуына ерекше ықылас танытқан Н.Нәлібаев кәсіпорын жұмысына оң баға беріп, риясыз көңілін жеткізді. Шаһар басшысы қажет болса, цех өнімдерін сатылымға шығару үшін орындар ашуға облыс орталығынан жер беруге дайын екендігін атап өтті.
Делегацияның ендігі бағыты аудандағы іргелі құрылыс саналатын «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС жұмысымен танысуымен жалғасты. Зауыттың құрылыс басында қызметкерлермен тілдесіп, әңгімеге тартты. Жобалық құны 64 млрд. теңгені құрап, жылына 1 млн. тонна тампонажды цемент шығаруды межелеп отырған кәсіпорынның құрылыс қарқынымен танысқан делегация Шиелі ауданының баянды болашағын жарқын күндердің жалғасымен бағамдады.
Келелі кездесу аудандық мәдениет үйінде өткен өнер кешімен түйінделді. Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арналған Қызылорда қаласының Шиелі ауданындағы мәдени күндері аясында «Жыр-әннің елі, Тұранның төрі – Қызылорда!» тақырыбындағы салтанатты шара өтті. Мерекелік шараға Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаев, қалалық мәслихат хатшысы Р.Боханова, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Е.Байтілес және аудан тұрғындары қатысты. Шара барысында қала әкімі Н.Нәлібаев құттықтау сөз сөйлеп, Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына шиеліліктердің қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, өңірдің зиялы қауым өкілдерін және ауданның дамуына үлес қосқан ардагерлер мен мекеме басшыларын Қызылорда қаласының 200 жылдық төсбелгісімен марапаттады.
Салтанатты шара әрі қарай Қызылорда қаласының өнерпаздарының қойылымымен жалғасты. Концертке жиналған халық Қызылорда қаласы өнерпаздарының өнеріне тәнті болып, құрмет-қошеметтерін білдірді. Ән-жырмен әдіптеліп, би-күймен көмкерілген рухани кештің көпке көтеріңкі көңіл-күй сыйлағаны хақ. Сыр бойының бас шаһарынан келген жұмыс тобы ауданның тыныс-тіршілігіне қанығып, ал, жергілікті жұртшылық Қызылорда қаласының өнеріне бойлаған күн осылайша өз мәресіне жетті.
Дина ЖҮСІПОВА.
Б.БӘЙІМБЕТ (фото).