Өндірісті өлкенің әлеуеті артуда
Осыдан 5 жыл бұрын яғни, 2013 жылдың желтоқсан айында
облыс әкімдігінің бастамасымен «2020 жылға дейінгі Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму Стратегиясы» қабылданған болатын. Бұл стратегияны әзірлеуге қазақстандық ғалымдар мен қатар ресейлік академиктер де жұмылдырылған еді. 2018 жылдың 4-6 наурыз күндері аталған стратегияның жүзеге асыру мәселелерін талқылау үшін сонау ресей федерациясынан сыр бойына Ресей Ғылым Академиясының академигі Абел
Аганбегян бастаған Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы мемлекеттік қызмет және халық шаруашылық академиясының ғалым-экономистер тобы арнайы келді. ресейлік ғалымдар өздері әзірлеуге атсалысқан стратегияның аралық нәтижелерін өз көздерімен көріп, табысты жүзеге асырылып жатқанына куә болды.
Қызылордаға табан тіреген ресейлік ғалымдар осы күні атбасын ауданға бұрды. Қадірлі қонақтарды аудан әкімі Әшім Оразбекұлы күтіп алып, Шиелі ауданындағы біршама өндіріс орындарын көрсетті. Алдымен, Көкшоқы мөлтек ауданында орналасқан жеке кәсіпкер Е.Жеңсікбаевтың сарымсақ өсіретін жылыжайынан бастады. Көп күтімді қажет етпейтін өнімнің пайдасы мол екенін түсіндірген жеке кәсіпкердің ісіне мамандар оң бағасын берді. Одан әрі «Мөлдір и К» ЖШС құс өсіру фермасы мен «Ару ана» шұбат цехының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, өңірдегі ірі өндіріс орны «Гежуба Шиелі Цемент» томпанажды цемент зауытының құрылысын бақылады. Ақ күрішімен әлемдік рекорд орнатып, даңқы шыққан Шиеліге Ресейден келген қонақтарды Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейіне апарып, даңғайыр диқандардың тарихынан сыр шертті.
Жоғарыда аталған жобаны 2013 жылдың желтоқсан айында қазақстандық және ресейлік ғалымдар бірлесе отырып әзірлеген болатын. Стратегияны жүзеге асырудың аралық нәтижелері екі жыл сайын қорытындыланып тұрады. Ресей елінің мамандарымен бірлескен жұмыс тобымен облыс әкімі Қ.Көшербаев 5 наурыз күні бас қосып, таяу болашаққа бағдар болған құжаттың жұмыс қарқыны мен жетістіктерін, сондай-ақ, келеңсіз тұстарын да ескерді. Жыл басында «2018 жыл жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып жарияланғаны мәлім. Бұл шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың таптырмас мүмкіндігі болды. Атап өту қажет, Қызылорда облысы 2013 жылдан бастап индустрияландыру арқылы экономиканы диверсификациялап келеді. Өнеркәсіп өндірісінің 70 пайызы мұнай мен уран өндірісіне тиесілі болса, мұнай кен орындарында қысым қабатының 98 пайызы суланғандығын ескерсек бұл шара облыс дамуының бірден-бір шешімі болып табылады.
Бес жылда облыс көлемінде 16 ірі және орта, жалпы 50-ден аса өндірістік объектілер іске қосылды. Нәтижесі де көңіл қуантарлық. Өңдеу өнеркәсібі саласы 65 пайызға, шикізаттық емес экспорт көлемі 60 пайызға артқан. Жалпы, өңірлік өнім көлемі бойынша 2017 жылдың қорытындысы шықпағанымен, өңдеу өнеркәсібі саласы 2016 жылды 2012 жылмен салыстырғанда 3 есеге артқан.
«Өскен өңір» ақпарат.
Суретті түсірген Бақытжан БӘЙІМБЕТ.