Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Екі ғасыр. Еселі экономика. Еңселі орда.

Екі ғасыр. Еселі экономика. Еңселі орда.


Алты алашқа ана болған – Сыр елінің орталығы Қызылорда қаласына 200 жыл. Осынау екі ғасырға жуық уақыттан бері бұрынғы Ақмешіт, қазіргі Қызылорда экономикасы көш түзеп, өңдірісі өркендеп, сәулеті мен сәні ерекшеленіп, сымбаты келіскен ғимараттардың көз тартар көрінісіне көңіл тояттайды.
Билік пен бұқараның берекелі бірлігінің, ел мүддесі үшін қызмет етіп отырған әрбір саланың тындырымды тірлігінің арқасында қала қазынасы молайып келеді. Қала облыс экономикасының барлық саласындағы өрелі өзгерістердің алдыңғы шебінен көрініп, өңірдің қалған аумақтарының дамуына жаңа серпінімен, жаңашыл бас­тамаларымен үлгі көрсетуде. Сәйкесінше, тұрғындардың әл-ауқаты артып, күрмеуі қиын проблемалар оң шешімін табуда. Бұған дәлел ретінде сегіз айдың қорытындысы бойынша қол жеткізген көңілге қонымды көрсеткіштер мен табыстарды алға тартар едік.
Жыл басынан қаланың әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда біршама жұмыстар жүйе-жүйесімен атқарылуда. Қызылорда қаласының инженерлік, коммуналдық инфрақұрылымын дамытуда, жол сапасын жақсартуда кешенді шаралар қабылданып, қала қарқынды құрылыс алаңына айналды. Көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салынып, халық игілігін көруде. Жөндеу мен құрылыс салуға қомақты қаржы бөлінуінің нәтижесінде жыл өткен сайын өңіріміздегі көлік жолдарының жағдайы жақсарып келеді. Бұл – іргелі елдігіміздің, ынтымағы мен бірлігі жарасқан қызылордалықтардың ерен еңбегінің жемісі.
Бюджеті бар еселі
Сонымен, жыл басында қала бюджеті 42 млрд. 115,7 млн. теңге болып бекітіліп, бүгінгі күнге 51 млрд. 118,6 млн. теңгені құрады. 2018 жылдың 7 айында өнеркәсіп кәсіпорындарымен 435 млрд. 720,5 млн. теңгенің өнімдері өндірілген. Өңдеу өнеркәсіп саласында 21 млрд. 009,1 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 97,1 пайызды құрады. 2018 жылғы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 46 млрд. 351 млн.теңгені құрауда. Облысқа салынған инвестицияның 3,6 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде.
Қала бюджетінің 2018 жылдың 7 айына кірістер болжамы 28 млрд. 703,4 млн. теңгеге жоспарланса, нақты түсім 29 млрд. 389,9 млн. теңгені құрап, 102,4 пайызға орындалды. Оның ішінде өз кірістері бойынша болжанған 9 млрд. 019,9 млн. теңгенің орнына 9 млрд. 696,2 млн. теңгеге немесе 107,5 пайызға орындалған.
Бағыт берген бағдарламалар
«Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жоспарға сәйкес несиелендіру арқылы «Сыбаға» бағдарламасымен 22,9 млн. теңгеге 114 бас мүйізді ірі қара, «Құлан» бағдарламасымен 7,8 млн. теңгеге 27 бас жылқы, «Алтын асық» бағдарламасымен 7,2 млн. теңгеге 280 бас уақ мал сатып алынды. Бұдан бөлек, елді мекендерді несиелендіру бойынша ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы 150 адамның тізімі жолданып, бүгінде 38 адам 163 млн. теңге несие алды. Қала бойынша 390 шаруа қожалықтарының бірігуімен 27 ауылшаруашылығы өндіріс кооперативтері құрылды. Ағымдағы жылы 2 ауылшаруашылығы кооперативін құру жоспарланса, бүгінгі күні 69 мүшеден тұратын 5 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, жұмыс жасауда. Ауылшаруашылығы дақылдарының егіс көлемдерін әртараптандыру мақсатында, барлығы 7 мың 686 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды.
Дипломмен 75 жас маман
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша биыл 75 маманға көтерме жәрдемақы үшін 15 млн. 087 мың теңге, 28 маманға баспана алу үшін 96 млн. 117,9 мың теңге жеңілдетілген несие берілген.
Кәсіпкерлік – құлашы кең сала
Облыс бойынша нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 48,8 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде. Қызылорда қаласында 2018 жылдың 1-ші тамызына дейін 26 мың 335 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелсе, оның ішінде жеке кәсіпкерлер – 19 мың 969, заңды тұлға – 5 мың 552, шаруа қожалықтары –­­­­­­ ­­­­­814 құрады. Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерінде шағын және орта бизнесті дамытудың басты көрсеткіштеріне жүргізілген талдау нәтижесіне сәйкес 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 1 мың 840 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, 1 мың 885 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл басында нақты жоспарлы көрсеткіштер қамтылған «Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент, ауылдық округтердің кәсіпкерлікті дамыту бойынша жол картасы» бекітілді. Бүгінгі күні карта аясында жалпы құны 2 млрд. 235 млн. теңгені құрайтын 165 жоба іске қосылып, 232 жаңа жұмыс орны ашылды.
Кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бойынша: «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған бағдарламасы аясында қалада (ауылдық округтерді қоса алғанда) 2018 жылдың басынан бері шағын несиелендірумен 104 жоба (580млн. 497 теңге) қаржыландырылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың қорытындысымен салыстырғанда 2018 жылғы бірінші жартыжылдықтың өзінде 54 жобаға немесе 2 есеге артты. «Береке», «Ырыс» несие беру бағдарламалары аясында 5 кооперативтің 138 мүшесі тарапынан 2 мың 814 мүйізді ірі қара сатып алынды.
Инвестициялық жобалар – жарқын болашақ
Индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында да ауқымды жобалар қолға алынуда. Бүгінгі күні, қаламызда индустрия­ландыру картасына енгізілген жалпы құны 51,0 млрд. теңгені құрайтын 7 жоба жүзеге асырылуда. Ондағы 1 жоба республикалық картаға енгізілсе, қалған 6 жоба өңірлік картада.
Жобалар толық іске қосылғанда 1 мың 125 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Инженерлік инфрақұрылымның игілігі
Соңғы жылдары Қызылорда қаласының ауыз су инфрақұрылымын дамытуға 16 млрд. (15 млрд. 548,7 млн.) теңгеге жуық қаржы тартылды. Жыл сайынғы, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қала ішілік су құбырларының 70 пайыздан астамы толық жаңартылды.
Бүгінгі күнге, 8 млрд. теңгеден астам қаржыға 60 пайыз магистральды жылу желілері жаңартылды. Биылғы жылға, жылу жүйелері мен қазандықтарды ағымдағы, күрделі жөндеуден өткізуге 8 жоба бойынша 2 млрд. 210 млн. 400 мың теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Соңғы жылдар ішінде Қызылорда қаласында жол құрылысын дамытуға 23 млрд. теңгеден астам қаржы тартылып, 500 шақырымнан астам жолдар орташа, күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өтті. Биылғы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар тиісті жалғасын табуда. Атап айтқанда, қала көлемінде 1 млрд. 805 млн. теңгеге жалпы ұзындығы 80,5 шақырымды құрайтын 103 көшеге орташа, ағымдағы, күрделі және қайта жаңғырту жұмыстары жасалған.
Қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттандыру, қала көлеміндегі кіші сыйымдылықтағы қоғамдық көліктердің орнына орта және жоғары сыйымдылықтағы автобустармен ауыстыру бағытында орта сыйымдылықтағы 150 автобус алу жос­парланса, ағымдағы жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 10 автобус сатып алынды. Осы саладағы жағымды жаңалықтардың бірі сәуір айы­­нан бастап «Ақылды қала» жобасы аясында, қоғамдық көліктерде арнайы орнатылған мобильді қосымша арқылы (OyBy) электронды төлем жүйесі, телефон теңгеріміндегі ақшамен жол ақысын төлеу мүмкіндігі жасалды. Жолаушыларға жайлы жағдай жасау мақсатында қалалық бюджеттен бөлінген 22 млн. теңгеге қала көшелеріне қосымша 10 аялдама орнатылды.
Құрылыс қарқыны қатты
Бүгінде шаһарда жаңадан бірнеше шағын аудандар бой көтеріп, 7 мыңнан астам қызылордалықтар баспаналы болды. 2018 жылы да осы бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда, қалада 133,2 мың шаршы метр болатын 1 мың 630 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы салынуда. Ағымдағы жылы, атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 9 млрд. 488,3 млн. теңгеге жетті. Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының 40,5 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде. Бас жоспарға сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы мәселесін шешу бағытында қажетті шаралар қабылданып, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, қала аумағының көлемі бұған дейін 11 мың гектарды құраса, бас жоспарға сәйкес бұл жер көлемі 20 мың 582 гектарға ұлғайтылды. Бас жоспардағы өзгерістердің ең маңыздысы, қала маңындағы «Сабалақ», «Эдельвейс», «Болашақ», «Орбита» саяжайлары қала аумағына енгізілді. Бұған дейін, осы елді мекен тұрғындарының жол, ауыз су және жарық жайлы көтерген мәселелерін шешу қолданыстағы заң талаптарына сәйкес мүмкін болмады. Ендігі ретте, аталған жер телімдері облыс орталығы құрамына енгізу арқылы тиісті қаржы бөлініп, инженерлік инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік туады. Бас жоспарға түзетулер енгізу жобасында қала аумағы – 14 тұрғын ауданға бөлінді. Осылайша, қала халқының саны осыдан 5 жыл бұрынғы (2013 жыл) көрсеткіш бойынша 240 мың адамды құраса, 2025 жылға дейін қала халқының саны 310 мың адамды құрайды деп болжануда. Сонымен қатар, қаланы жасыл желекке айналдыру мақсатында көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келеді. Қызылорда қаласында 52 аллеялар мен скверлер бар. Аталған аумақтарға жыл көлемінде мыңдаған көшеттер мен гүлзарлар отырғызылды. Қаланың әсем келбетін айшықтайтын түрлі архитектуралық формалар орналастырылып, жаңа демалыс орындары мен саябақтар салынуда.
Жолға қойылған жұмыспен қамту
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында ауқымды шаралар жүзеге асырылған. 2018 жылғы 1 тамызына жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде 2 мың 359 адам тіркелген. Жыл басынан 5 мың 090 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 3 мың 362 жаңа жұмыс орны ашылды.
Қолдауда да қарымта бар
Қалада білім саласын қамтамасыз етуге 2017 жылы – 18 млрд-тан аса (18 млрд. 2 млн. теңге) қаржы қаралса, биылғы жылы бұл сома 21 млрд. (21 млрд. 206 млн. теңге) құрады. Мектепке дейінгі білім беру саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, қаладағы 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жетті. Қызылорда қаласы бойынша 237 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары «Электронды балабақша» автоматтандырылған жүйесіне енгізілді (оның ішінде 206 жеке меншік балабақша). Білім беру мекемелері үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу және жеткізу бағдарламасы бойынша қаладағы барлық мектептер 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз етілді. (582 млн. 325 мың теңге). Қала мектептерінің компьютермен жабдықталуы 100 пайыз, интернет желісіне қолжетімділік 100 пайыз болса, электронды күнделік жүйесіне қосылу көрсеткіші жыл соңына дейін 100 пайызға жетеді. Қала мектептері Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу мен орташа балл жинаудан жоғары нәтиже көрсетіп, 90,9% баллмен облыс бойын­ша көш бастады. Нәтижесінде тест тапсырған 1 мың 670 оқушының 980-і мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл көрсеткіш 2017 жылы 612 – і құраған болатын. 2017-2018 оқу жылының қорытындысымен 2 мың 141 мектеп бітіруші түлектің ішінен жоғарыда атап өткендей 980 түлек мемлекеттік грант иегері атанса, 98 түлек «Алтын белгі», 103 түлек «Үздік аттестат» иегерлері атанды. 2014 жылдан бастап аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының тікелей бастамасымен Қызылорда облысының түлектеріне Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарында білім алуға жасалған мүмкіндікті пайдаланған Қызылорда қаласы түлектерінің 346-сы бүгінде Ресей Федерациясының беделді оқу орындарының студенті атанды. Білім беру нысандарының саны да жыл санап еселеп артып келеді.
Ішкі саясаты тұрақты
Бүгінгі таңда, қалада 11 ұлттық-мәдени орталық, 25 діни бірлестік, 6 саяси партияның филиалдары жұмыс жасайды, 414 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік-маңызды жобаларын, жастар саясаты саласындағы өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында 22 млн 521 мың теңге қаржы бөлініп, түрлі бағыттағы 14 әлеуметтік жоба іске асырылуда.
Мәдениеттегі мәйекті істер
Қала бойынша жыл басынан бері түрлі бағыттағы 472 мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып, оған 90 мыңнан астам көрермен қатысқан. Бүгінде, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты 85 үйірмелер жұмыс жасаса, үйірмеге қатысушы өнерпаздар саны 1 мың 67 адамды құрап отыр.
Спорттағы – серпіліс
Қалада спорт саласын дамыту бағытында жыл басынан бері дене шынықтыру ұжымдарымен бірлесіп 61 спорттық шаралар өткізіліп, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға барлығы
24 мың 280 адам қатыстырылды. Соңғы жылдардың өзінде қала бойынша 67 спорттық ойын алаңдары салынса, биылғы жылы осы жұмыстардың жалғасы ретінде қала бойынша 22 спорттық-жаттығу алаңдары, 4 Стрит воркаут алаңдары, 6 Еуропалық стандартқа сай шағын футбол алаңдары демеушілер арқылы салынды. Соңғы үлгідегі, заманауи талаптарға сай спорттық-жаттығу алаңында веложаттығу, кермеше, брусья, түрлі күштік жаттықтырғыш құралдарымен қамтамасыз етілген.
Цифрландыру – соны сүрлеу сыйы
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жүзеге асыру және қалада тұрмыс сапасын арттыру, жаңа инновацияны кеңінен тарату мақсатында «Ақылды қала» жобасы бойынша нақты шаралар қабылдануда. Нақтырақ айтқанда: Қала тұрғындары мен қонақтарының қала әкімдігімен тікілей байланыс жасау үшін, мәселелерді дер кезінде шешуге арналған «Q Orda» атты мобильді қосымшасы жақын күндері іске қосылады. Бюджеттен тыс көздерден қаржыландырылған бұл мобильді қосымша, арнайы Android және IOS платформаларына жасалып, 2 тілде барлық ұялы телефондарға жүктеуге мүмкіндіктері қарастырылған.
Қалалық бюджеттен бөлінген 21 млн. теңгеге жер қатынастары саласындағы заң бұзушылықтарды анықтау, жұмсалатын жұмыс уақытын азайту мақсатында GPS геодезиялық құралы мен ArcGIS (АР ГИС) бағдарламасы алынды. ArcGIS (АР ГИС) бағдарламасы - америкалық компаниясының геоақпараттық бағдарламалық өнімдерінің бірі жер кадастры үшін, жерге орналастыру, жылжымайтын мүлік объектілерін есепке алу, инженерлік коммуникациялар жүйелері, геодезия, жер қойнауын пайдалану қызметтері мен басқа да салаларда қолданылады. Облыстық жол картасына енгізілмеген 2 жоба қалалық деңгейде жүзеге асырылатын болады.
Қаланың халық көп шоғырланатын демалыс орындары мен саябақтарында ақпараттық ресурстарға, мемлекеттік көрсетілетін электронды қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында WI-FI тегін интернет желісін енгізуге «ORDA Wi-Fi» жобасы қолға алынуда.
Көпқабатты тұрғын үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған «ОV Orda» бұлтты бейнебақылау (облачное видеонаблюдение) жобасы.
Мемлекеттік және жеке меншік балабақшаларға балаларды орналастыру үшін қазіргі таңда, «Е-ДДО» -тұғырнамасы базасында «Data Evolution» ақпараттық жүйесімен «Балаларды балабақшаға автоматты түрде бөлу жүйесі» жобасы қолға алынып, бұл жобаны жүзеге асыруға қалалық бюджет есебінен 67 млн. 864 мың теңге бөлінді.
Жобаның мақсаты бойынша балаларды кезекке қою, жолдама беру, персоналды басқару, балабақшаларға балаларды тіркеу, аналитикалық - статистикалық есеп жасау балабақша жұмысын автоматтандыру процесіне көшеді. Аталған жобаның 1-ші кезеңінде барлық жеке және мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарға оқу курстары өткізіліп, базасы енгізілді. Қазіргі таңда курстың 2-ші кезеңі жүріп жатыр, яғни, «Е-ДДО» базасына барлық 245 мектепке дейінгі ұйымдарының мәліметтері енгізілуде.
Осылайша, Сыр елінің бас қаласы Қызылордағы бүгінге дейінгі атқарылған жүйелі жұмыстардың арнасын санмен саралап, барын бағамдадық. Көрсеткіштер көңіл көншітеді, дегенмен уақыт талабына орай атқарылар іс те қыруар. Иә, не десек те бұл күндердің айнымас шындығы – екі ғасыр толғалы отырған осынау айшықты қала елеулі жылдарда еселі экономикасы арқылы еңселі ордаға айналды.

Дина ЖҮСІПОВА.


29 қыркүйек 2018 ж. 1 162 0