ШЫНДЫҚ ШЫРАҒЫНА АЙНАЛҒАН «ЖАС АЛАШ»
Республикалық «Жас алаш» газетінің құрылғанына биыл 100 жыл толып отыр. 1921 жылдың 22 наурыз күні алғашқы санын шығарған газет талай тарихи оқиғалардың куәсі болып, халқымызбен бірге жасады. Тұңғыш Ғани Мұратбаев редакторлық еткен бұл газет ғұмырлы болып қана қоймай, Алаш арыстарының еркін ойларының мінберіне айнала білді. Тіпті, «Жас алашты» - қазақ журнлалистерінің ұстаханасы деп айтсақ та артық етпейді.
Мерейтой қарсаңында газеттің шығармашылық тобы арнайы делегация ұйымдастырып, оқырман қауыммен жүздесуді жоспарлапты. Алғашқы аялдама Ғани Мұратбаевтай ұлы тұлға туып-өскен жер – Қызылорда облысы екен. Сапарын қайраткердің ауылынан бастаған делегация, Шиелі ауданын да айналып өтпей, бейсенбі күні әкімдік ғимаратында жиын өткізді. Жиынды аудан әкімі Қамбарбек Амангелдіұлы жүргізіп, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері қатысты. Делегация құрамында саясаттанушы Досмағамбет Көшім, газеттің қазіргі бас редакторы – Қайрат Матреков секілді белгілі тұлғалар бар. Алғаш болып сөз алған Көшім Досмағамбет газеттің тарихына тоқталып, оның әлі де саяси маңызын жоғалтпағанын айтты. Ал газеттің редакторы Қайрат Матреков болса, Біз «Жас Алашта» тек шынайы ақпаратқа негізделген сараптама мақалалар беруге тырысамыз. Жаңа заманнан қалыспай сайтқа да көңіл бөлудеміз. Газеттің 15000 мыңдай, сайттың 16-17 мыңдай тұрақты оқырманы бар. 10 наурыздан бастап сайттың орысша нұсқасы шықты. Онда тек газетте жарияланған мақалалардың орысша нұсқасы жарияланады» деп, газеттің жетістіктерін тілге тиек етті. Мұнан кейін сөз кезегін «Кызылординские вести» газетінің меншікті тілшісі Мақсұт Ибрашев алып, ой-пікірімен, ұсыныстарын айтты. Қатысушылардың ой-пікірін мұқият тыңдаған шығармашылық топ өз кемшіліктерін ескеріп, жиыннан үлкен ой түйді. Одан әрі қонақтар «Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы» музейінде болып, Ыбырай атамыздың өмірі мен еңбек жолымен танысты. Делегаттар Сыр еліндегі сапарын аяқтағаннан кейін өзге облыстарды да сапарын жалғастырмақ.
Рамазан Бектұрғанұлы