Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмысқа ынталылар жұмыссыз қалмайды

Жұмысқа ынталылар жұмыссыз қалмайды

Аудандағы жұмыспен қамту орталығы бұқараны жұмыспен қамту бойынша жүйелі түрде жұмыс істеуде. Мекемеге жұмыссыздар ғана емес, пробация қызметінде есепте тұрғандар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да жүгінеді. Керек десеңіз, жоғары білімі жоқ тұрғындар талап етілетін мамандықтар бойынша курс­тан өтеді. Ұмытпасаңыз, елдегі жұмыссыздық деңгейін 4,5 проценттен асырмау қажеттігін, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау үшін барлық жағдай жасауды Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тиісті министрлікке тапсырған болатын. Ауданда осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін білу мақсатында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегеновпен тілдескен болатынбыз.
– Халықты әлеуметтік қорғауға әрі қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар ауданда уақтылы әрі сапалы орындалып жатыр ма?
– Ауданымызда халықтың әл-ауқатын көтеру және жұмыссыздықты азайту, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, жастарға әлеуметтік көмек көрсету және оларды қолдау – біздегі басты міндет. Бүгінгі таңда жұмыспен қамту деңгейін арттыру мақсатында «Еңбек» бағдарламасының іске асырылуы азаматтарға оң әсерін тигізіп отыр. Бағдарламаның негізгі мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Өткен жылы аудан бойынша 2000 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланып, 2280 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар 2020 жылға аудан бойынша аз қамтамасыз етілген азаматтарға атаулы әлеуметтік көмекті көрсетуге республикалық бюджеттен 926318 мың теңге, жергілікті бюджеттен 31324 мың теңге, барлығы 957642 мың теңге қаржы қаралған болатын. Былтырғы жылы аудан бойынша 1941 отбасының 10551 мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Мүгедектерді жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес былтыр 458 мүгедек жалпы сомасы 30283,0 мың теңге қаржы және қосымша құралдарға 230 мүгедекке 2453,0 мың теңге қаржы қаралып, игерілді. Жергілікті бюджеттен 164 мүгедекке 22114,0 мың теңге қаржы қаралды. Сәйкесінше, гигиеналық және техникалық жабдықтармен, протезді-ортопедиялық көмекпен, сондай-ақ санаторлы-курорттық сауықтырумен қамтамасыз етілді.
– Азаматтарды жұмыспен қамтудағы жаңашылдықтардың бірі – «Еңбек» бағдарламасы ұсынатын жаңа мүмкіндіктер. Осы бағдарламаның негізгі бағыттары туралы айтсаңыз.
– Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының басты мақсатын жоғарыда тілге тиек етіп өттім. Бұл бір сөзбен айтқанда елімізде жұмыссыздар санын азайтып, кәсіпкерлік саласының дамуына ықпал етеді. Атап өтер болсам, «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты – техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету.
Бұл бағытта аудандағы қамкөңіл жандардың қатарынан 75 азаматты 3 жылға дейінгі мерзімді құрайтын кәсіптік білім беру оқу орындарында оқыту жос­парланып, аудандық білім бөлімі арқылы 13 оқу орнына 142 азамат кәсіптік білім алуға жолданды. Тігінші мамандығы бойынша – 20, «шаштараз шебері» мамандығы бойынша 30, «маникюр-педикюр шебері» мамандықтары бойынша – 10 адам қысқа мерзімді оқу курстарын оқып шықты. Оқуын бітіргендердің ішінде 57 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Осы бағдарламаның екінші бағыты «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» деп аталады. Бұл орайда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курсын 323 азаматқа жоба аясында оқу курстарынан өтуге жолдама беріліп, онлайн режимде оқытылды. Оның 268-і арнайы сертификат алып, 235 азамат жаңа бизнес идеяларды дамытуға мемлекеттік грант, төртеуі шағын несие алды. Өткен жылғы жоспарға сәйкес 776 азаматқа жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бағытында 200 АЕК көлемінде жалпы 428047,0 мың теңге қайтарымсыз негізде мемлекеттік грант берілді. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 130 азаматты жұмысқа жолдау жоспарланып, бүгінгі күні 207 азамат әлеуметтік жұмыс орындарында уақытша негізде жұмыс жасап, 156 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. Дәл осы бағдарлама аясында жұмыссыз 378 жас­ты жастар тәжірибесінен өкізу жоспарланып, 502 жас оқу орнын аяқтағаннан кейін мамандығы бойынша біліктілігін шыңдау мақсатында уақытша негізде жұмыс жасап, 121 азамат тұрақты жұмысқа тұрды.
– Жалпымемлекеттік гранттар қандай мақсаттарға беріледі?
– Мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тағайындалған. Сол сияқты мемлекеттік гранттар қажетті инвентарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, малды, құстарды сатып алуға пайдаланылады. Бұл жерде айта кететін бір жайт, мемлекеттік грант тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй мүлкін сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдерді өндіруге және жалдау ақысы ретінде берілмейді.
– Мүмкіндікке толы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттан кімдер үміткер бола алады?
– «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өткен, «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты шеңберінде оқытуды аяқтаған және бұдан бұрын басқа мемлекеттік бағдарламалар арқылы гранттар алмаған осы «Еңбек» бағдарламасына қатысушылар үміткер бола алады. Сондай-ақ аз қамтылған немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері, еңбекке қабілетті мүгедектер мен жастардың мемлекеттік грант алуына мүмкіндігі бар. Тағы бір айта кететін жайт, табысы аз немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері, еңбекке қабілетті мүгедектер және жастар гранттар алуда басым құқыққа ие.
– Бүгінде жұмыс іздеп күні-түні шарқ ұрып жүрген жандар жұмыспен қамту орталығының барын, ондағы қызметкерлердің дәл осы іспен айналысатынын біледі. Жалпы орталық келушіге бұдан өзге қандай қызметтер ұсынады?
– Жұмыспен қамту орталықтарынан жұмыссыздар өздеріне лайықты жұмыс іздестіріп қана қоймай, ондағылар мұндай азаматтардың жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі. Оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары жөнінде көрсетілетін қызметтерді ұсынады. Сондықтан жұмыссыз жүрген азаматтар қызмет болсын, қандай да бір кәсіп түрін таңдауға, өзгерту мақсатында консультациялық, ақпараттық көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жөніндегі қызметтерді ала алады. Бір сөзбен айтқанда, жұмысқа ынталылар жұмыссыз қалмайды. Сол сияқты еңбек нарығының біртұтас ақпараттық базасында қамтылған өзі туралы мәліметтерді тегін алуына мүмкіндігі бар. Екіншіден, егер ол міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болса, жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді алуға, Заңға сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алуға, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырылуға құқығы бар.
– Кепілдендірілген әлеуметтік пакет жайында айттыңыз. Бұл көмекті нақты кімдер алады?
– Кепілдендірілген әлеуметтік пакет әлеуметтік жағдайы төмен, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына беріледі. Яғни, әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы мектеп жасына дейінгі балаларға арнайы балалар тағамдарымен қоса, гигиеналық құралдар салынған әлеуметтік пакет үлестіріледі. Мұндай азық-түлік пакеті айына бір рет шығарылады. Бұл бағытқа республикалық бюджеттен 87751 мың, жергілікті бюджеттен 3778 мың барлығы 91529 мың теңге қаралған. Кепілдендірілген әлеуметтік пакетті алушыларға жеткізіп беру үшін «Романов и К» ЖШС мемлекеттік сатып алу заңдылығына сәйкес келісімшарт жасалған. Айта кету керек, бүгінге дейін 1350 отбасының 1-6 жас аралығындағы 2875 балаға кепілдендірілген әлеуметтік томтама берілді. Сонымен қатар мектеп қабырғасындағы 3920 балаға мектеп формалары мен мектепке қажетті құрал-жабдықтар тағайындалды.

Сұқбаттасқан
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
12 қаңтар 2021 ж. 407 0