Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеті бағыт жетілді ме?

Жеті бағыт жетілді ме?

Барлығымызға мәлім биылғы жыл үлкен сынақпен басталды. Әлемдік пандемиямен күрес жолында еріктілердің атқарған жұмысы орасан. Ал ауданда еріктілер тобы биыл жеті бағыт бойынша көптеген жұмыс атқарды.
2020 жыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен «Волонтерлар» жылы болып бекітілді. Бұл жыл еліміздің белсенді жастары үшін өте керемет мүмкіндік болды. Ерікті жастар бұл кезге дейін қайырымдылық, тазалық, асар секілді сауапты істерді жасаса, «Волонтер» жылы бекітілгеннен кейін белгілі бір бағыттарда толыққанды жұмыстар атқарды. Сонымен еріктілер жылының ел ішіндегі атқарған жұмыстары 7 бағытқа бөлінді. Олар «Білім», «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра» және «Үміт» бағыттары.Осы бағыттар бойынша тиісті жұмыстар атқарылды ма? Жыл болса бітуге тақады ал осы уақыт ішінде еріктілер қандай жұмыстарымен көзге түсті?
Білім бағытында мектеп оқушыларын ағылшын тілін меңгеру, компьютерлік сауаттылықтарын ашып, біліммен қамту аясында ауданда жүргізілген жұмыстар жетерлік. Оны әрине, эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн форматта республикалық, облыстық, аудандық білім саласындағы волонтерлар жүргізді. Келесі «Сабақтастық» жобасы бойынша волонтерлер балалар үйлерінің бүлдіршіндеріне қамқорлық жасады. Ауданда мүмкіндігі шектеулі балалардың көңіл-күйін көтеріп, қуаныш сыйлап жүрген волонтерлер аз емес. Ең бастысы волонтерлардың пандемия кезіндегі еңбегі өлшеусіз болды. Халыққа түсіндіру жұмыстары, блок-бекеттердегі қызметкерлерге көмек көрсетуі алғыс айтуға тұрарлық іс екенін халық тілге тиек етіп жүр.
Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза әлем» бағыты аясында жұмыстар да қарқынды түрде жүзеге асты деуге толық негіз бар. Себебі көптеген аулада, қоғамдық орындарда сенбіліктер,тазалық жұмыстары жиі жүргізіліп келеді. Бұл – туған жерді тазалау, аялауға шақырған еріктілердің кезекті жұмысы. Волонтерлерді материалдық және рухани мәдени-тарихи мұраны сақтауға тартуға бағытталған «Асыл мұра» бағыты аясында ауданда Айнұр Нұрымбетова шағын гранттар байқауында 300 мың теңге қаржы ұтып алды. Жобада барлығы 80-ге жуық волонтер қамтылып, тарихи-мәдени мұраны сақтау жолында көптеген жұмыс жүргізді. Қызылорда облысындағы бірқатар тарихи орынға саяхат жасап,мәдени мұраларды ұмытпау жолында өз үлестерін қосты. Хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуге тартуға бағытталған «Үміт» жобасына да еріктілер белсенділікпен қатысып, өз үлестерін аудандық полиция бөлімімен бірлесіп қосуда. Қазіргі волонтер жылында ауданда ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова, Жастар ресурстық орталығының директоры Шахмардан Нығметов, оқушылардан құрылған волонтерлерге №244 мектептің директоры Мария Елшібекова жоғары деңгейде қолдау көрсетіп отыр. Бұның өзі жастарға үлкен серпіліс, зор мотивация береді.

Айбек Берікболұлы
20 желтоқсан 2020 ж. 413 0