Тоғыз айдағы толымды істер
Естеріңізде болса, өткен жылы мамыр айында Қостанайда өткен жастар форумында «Ұлттық еріктілер желісінің төрайымы» Вера Ким 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауды ұсынған еді. Ұтымды ұсыныс шешімін тауып, Мемлекет басшысы да еріктілерді әрқашан қолдауға даяр екенін білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тұрғыда: «ҚР Президенті ретінде мен әрқашан волонтерлардың қозғалысын қолдайтынымды жеткіземін. Сондықтан сіздердің 2020 жылды волонтерлар қозғалысының жылы деп жариялау туралы ұсыныстарыңызды толығымен қолдаймын. Еріктілер – жаны таза адамдар. Олар – елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз» дей келе еріктілер жылын кезекті науқанға айналдырмау керегін тапсырды. Еріктілер жылы қабылданып, қаулыға қол қойылған соң еліміздің әр аймағында ауқымды істер атқарылды. Солардың қатарында Шиелі аудандық жастар ресурстық орталығы да көштен қалмай келеді. Осы тұста біз аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Шахмардан Нығметовпен сұхбаттасқан едік.
– Жастар жылы сіздер үшін табысты жыл болғанынан хабардармыз. Өткен жылы биік белесті бағындырып, ауданның жастары жарқ еткен еді. Енді міне, еріктілер жылы енгізілгелі бері тоғыз ай әп-сәтте өтіп кетті. Тоғыз айдың өзінде толымды істер атқарылған болар?
– Иә, біз үшін жастар жылы жемісті болды. Талай жас буынның қарым-қабілетін анықтап, олармен тығыз жұмыс істедік. Биыл да, алдағы уақытта да жастармен жұмыс тоқтап қалмайды. Ал еріктілер жылына келер болсақ, биыл жұмысымыз бәсеңдеген жоқ. Тек елде індет тарап, көңілімізді түсіргені болмаса барлық іс-шаралар жоспарлағанымыздай өтуде. Мәселен, биылғы жылдың 9 айлық қорытындысы бойынша жастарға бағытталған 88 шара ұйымдастырылып, оған 3854 жас қамтылды. Орталыққа келіп жүгінген 292 жасқа құқықтық, әлеуметтік, психологиялық кеңестер берілді. Сондай-ақ айтулы күндер де ескерусіз қалмай, ауданның жастарына ұлттың ұлы тұлғаларын насихаттауды алға қойып келеміз. Осы орайда «Тұлғатану» жобасы аясында ауданымыздың құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері П.Архабаевпен «Еңбегі ерек, болмысы бөлек» атты тақырыпта кездесу кеші ұйымдастырылды және А.Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Абай өлеңдері табиғат аясында» атты онлайн сурет байқауы өтті.
– Ал еріктілік бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
– Еріктілер жылына орай волонтерлық жұмысты жастарға насихаттау мақсатында кент және ауылдық округтерде, мектептерде 26 кездесу, түсіндірме жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде еріктілердің қатысуымен 23 тазалық акциясы, 23 қайырымдылық акциясы, 19 жалғызбасты қарттарымыздың үйіне барып көмек көрсетілді. Жуантөбе, Еңбекші ауылдарындағы тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратылды. Еріктілердің ерен еңбегі әсіресе, індет өршіп тұрған шақта байқалды. Негізі біз Президент жарлығынан кейін «Жомарт жүрек», «Көрікті Шиелі» еріктілер жасағын құрып, бекітілген бес бағыт бойынша жұмысқа кірістік. Соның аясында кенттегі қоқысты тазалап, карантин режимі кезінде жас кәсіпкерлермен біріге отырып, тұрмысы қиын адамдарға азық-түлік, жеміс-жидек жеткіздік. Тынысы тарылған науқастарға 70-ке жуық оттегі толтырылған баллон апарып, аудан тұрғындарына 500-ден аса бетперде тараттық. Бұл жерде еріктілер азық-түлікке я болмаса басқа да қажетті құралдарға өз қаражатын жұмсамауы мүмкін. Бірақ ерікті болу үшін міндетті түрде ақшаның қажеті жоқ деп ойлаймын. Олар демеушілердің аманатына қиянат жасамай жеткізушілер. Сондай-ақ халықты сақтық шарасын сақтауға шақырып, үгіт-насихат жүргізуі де жанашырлықтың, еріктіліктің бір көрінісі деп білемін.
– Сіз басшылық етіп отырған орталық тікелей жастармен жұмыс істейді. Қазіргі таңда жастарға қатысты түйіні тарқатылмай тұрған мәселе көп. Соның бірі – жұмыссыздық. Бұл мәселе біздің ауданда қалай шешімін табуда?
– Жыл басынан бері халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеуші ретінде 810 жас тіркелген. Оның 584-і жұмыспен қамтудың мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Яғни «Еңбек» бағдарламасы аясында тұрақты жұмысқа – 584 жас, мемлекеттік грант – 64 жас, жастар тәжірибесіне – 147 жас, әлеуметтік жұмыс орындарына – 63 жас, ақылы қоғамдық жұмысқа – 125 жас қамтылды. Айта кетейін, ауданда мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында да жұмыс жүргізілуде. Биыл үй кезегіне 266 маман тіркеліп, оның 75-і баспанаға қол жеткізген еді. Соның ішінде 14-29 жас аралығында үй алған жастардың саны – 60.
– Алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарымен бөліссеңіз.
– Біткен іс бір төбе болғанымен, атқарылар ісіміз аз емес. Алдағы уақытта еріктілердің саны мен сапасын арттыру мақсатында волонтерлық жұмыс туралы семинар-тренинг өткізу ойда бар. Сондай-ақ еріктілерге арнап қыстық форма тіктіріп, жыл соңында үздік волонтерларды бағалы сыйлықтармен марапаттауды жоспарлап отырмыз. Ең басты мақсатымыз – жастардың бірлігін нығайту, бос уақыттарын тиімді өткізуіне, шығармашыл жастарды қолдауға арналған «Жастар орталығы» ғимаратын салу.
– Сұқбатыңызға рақмет. Ойға алған жоспарыңыз жүзеге асуына тілектеспіз.
Сұқбаттасқан
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА