Жиделіарықтың жас еріктілері
Жақсылық жасау – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Оны жасау кез келгеннің қолынан келеді. Тіпті үлкенге көмектесу, кішіге ізет көрсету, көршісі аш болғанда өзі тоқ отырмау қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне сіңіп кеткен. Сондай-ақ табиғи апат немесе ауқымды жұмыстар болса да қазақ елі құр қол отырмаған. Асарлатып ағайын-туысқа, көрші-қолаңға қол ұшын созған.
Ал бүгінгі таңда заман ағымына сай жақсылық жасаудың осы үлгісі мемлекеттік маңызға ие болды. Ел Президенті Қ.Тоқаев «ҚР Президенті ретінде мен әрқашан волонтерлардың қозғалысын қолдайтынымды жеткіземін. Сондықтан сіздердің келесі жылды волонтерлар қозғалысының жылы деп жариялау туралы ұсыныстарыңызды толығымен қолдаймын. Еріктілер – жаны таза адамдар. Олар – елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз» дей келе, 2020 жылды «Волонтерлар жылы» деп жариялаған болатын. Осы қаулыдан кейін Қазақстанның түкпір-түкпірінде қайырымдылық акциялары өтіп, әртүрлі топтар құрыла бастады. Солардың қатарында Жиделіарық ауылының жас тұрғындары да бар.
Бұл ауылдағы волонтерлық топ №206 «Жиделіарық» орта мектебінің директоры Асылхан Өмірәлиевтің бастамасымен ашылған. «Жақсылық жасап жарысайық» атты қайырымдылық тобының құрылуына мектептің өзге де қызметкерлері, атап айтар болсақ, оқу орынбасары Ә.Жолдасов, тәрбие ісінің орынбасары Ғ.Сейтасқарова, бейінді оқу ісінің орынбасары Ұ.Бисариева да өз үлестерін қосты. Ал оның жетекшісі болып ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ұлжан Дәулет тағайындалды.
Мектеп ішінде құрылған топтың алғашқы жұмысы «Helper box» деп аталды. Бұл шараға бесінші сыныптың оқушылары білек сыбана кірісіп, әлеуметтік тұрмысы төмен оқушыларға оқу құралын табыс етті. Бұл тұрғыда топ жетекшісі Ұ.Дәулет:
– Мектеп ішіне үлкен қайырымдылық жәшігін қойдық. Барлық оқушы қолынан келген көмекті көрсете алады. Сосын оны алып, біз тұрмысы төмен отбасыларға таратамыз. Осылайша жас буынның жанына жақсылық дәнін сепкіміз келеді. Бала бұғанасы қатпаған шақтан мейірімділік пен қайырымдылыққа бейім өссе, ел ертеңі шуақты болады деген сенімдемін. Біздің негізгі мақсатымыз да осы, – дейді.
Иә, бала тал шыбықтай иілгіш келеді. Оны қарғадайынан қандай іске баулысақ, өскенде жемісін тап солай береді. Сол себептен балдырғандарды әу бастан қайырымдылыққа, мейірімділікке, жақсылыққа үйретуіміз қажет-ақ.
М.БОЛАТҚЫЗЫ