Еріктілер ерлік таныта ма?
Жер бетiнде жыл өткен сайын адам саны көбейгенімен, адамгершiлiк кеміп барады. Ең бірінші кезекте мейірімге мұқтаж уақытта үлкен-кішінің бір-біріне ізет көрсетіп, сәлемдесуінің өзін игі іске балайтындар аз емес. Өйткені, қазір адами сезімдердің арзандағанын, пейілі тар жандардың артқанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Дегенмен игілікті істің басынан табылып, еліне ерікті түрде қызмет көрсететін жанашыр жандардың бары көңіл қуантады. Осыған дейін де үлкен жүректі адамдар – еріктілер туралы аз жазылып жүрген жоқ. Ендеше волонтерлар жылында олардан не күтеміз?
Ерікті болу еріккеннің тірлігі емес. Елінің, туған жерінің көркейіп дамуы үшін саналы түрде өз пайдасын тигізіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созу. Егде тартып көмекке зәру болған қарттарға жәрдемдесу. Міне, осындай қайырымды ісіне қаржы сұрамайтын еріктілердің ісі ерлікпен пара-пар емес пе? Елімізде еріктілер туралы сөз қозғалса, бірден ойға келетіні – жастар, оның ішінде жоғары оқу орындарының студенттері. Алайда, бұл қалыптасқан қағиданың қайдан шыққаны белгісіз. Шетелдік тәжірибеде еріктілер жас ерекшелігіне қарай жіктелмейді. Қоғамға өзгеріс алып келемін деген кез келген адам бос уақытын волонтерлікке арнаса болады. Мысалы, АҚШ-та 24 жасқа дейінгі еріктілер 22,6 пайызды, 25-44 жастағылар 26,7 пайызды құраса, 45-65 жас аралығы мен 65 жастан жоғары еріктілер саны 51 пайызға дейін жеткен. Шетелде әдетте жастар оқуға түсіп, жұмысқа орналасқаннан кейін ата-анасының үйінен кетіп, өз еркімен өмір сүре бастайды. Ал жалғыз қалған ата-аналары бос уақытын сая-хаттауға, ерікті болуға арнайды. «Әр елдің салты басқа» дегендей, біздің қазақы болмысымыз мүлде бөлек. Біздің елде ата-әже зейнетке шықса, қол қусырып отыра алмайды, немере бағады. Осы сынды айтылар уәждің қатары қалың. Бір қоғамда қалыптасқан қағидалар келесі бірінде тура солай орындалуы мүмкін емес екендігін осыдан байқауға болады.
Әріге шауып, өзге мемлекетті емес өзіміздің қазақы болмысты алайық. Салт-дәстүрімізге сіңіп, ата-бабадан келе жатқан «Асар» деген ұғым бар. Бауырмалдыққа салып, таныс-тамырына жәрдемдесетін қазақ халқы асарлатып көп істі тындырған. Бүгінгі күні қайта рухани жаңғырып, ескіліктің еншісінде кетіп бара жатқан құндылықтарға жан бітіріп келеміз. Соның бірі – асар. Казіргі тілмен айтқанда еріктілер. Бұл жөнінде «Волонтер жылы баршамызға, әсіресе жастарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан сіздерді осы игі бастамаға белсенді атсалысуға шақырамын. Жастарымыз мұқтаж жандарға көмек қолын созуға әрдайым дайын болуы керек. Дана қалқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Қайырымдылық пен мейірімділік қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіндігі сөзсіз. Сондықтан алдағы жылы сол дәстүрді заманға сай қайта жаңғыртуымыз қажет», – деп Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та айтқан болатын.
Ерікті болу бар уақытыңды сол іске арнау емес. Шама-шарқынша жәрдем беріп, қоғамдық істерге белсенді атсалысып жүрген қамқор адамдар баршылық. Сонда да, біздің қоғамда волонтерлік – ол жастардың ісі деген түсінік қатып қалғанын жасыра алмаймыз. Президент биылғы жылды «Волонтерлар жылы» деп жариялады. Сондай-ақ ерікті ретінде қызмет көрсететін студенттердің стипендиясы 30 пайызға өсетіні айтылды. Бүгінге дейін еріктілер тақырыбы мемлекет және қоғам тарапынан жиі көтеріліп келеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтқандай, Қазақстан волонтерлікті дамытудың жаңа кезеңіне қадам басты. Олай болса еріктілер – экологиялық акциялар мен сенбіліктерге ғана жұмылдырылатын белсенді жастар деген таптаурын ойдан арылатын кез жеткен сыңайлы.
Еріктілер жылын ерекше серпінмен қарсы алған шиеліліктер алға үлкен жоспар құрып отыр. Бұл төңіректе Жастар ресурстық орталығының басшысы Шахмардан Нығметовпен байланысқан болатынбыз. Мемлекет басшысының саясатын жандандырып, алдағы уақытта 5 бағыт бойынша жұмыстар жүзеге асырылатын болады. Нақтырақ айтар болсақ, бірінші бағыт «Біргеміз білім мәңгілік» ұранымен білім саласы бойынша түрлі іс-шаралар жоспарлануда. Жыл соңына дейін дебаттар мен интелектуалды сайыстар да ұйымдастырылатын болады. Екіншісі «Біргеміз сау ұрпақ» деп аталады. Денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен бірлесе отырып, дертімен күрескен балаларға көмек қолын созуды мақсат тұтқан еріктілер сырқат жандарға қуаныш сыйламақ. «Біргеміз сабақтастық» бағытында ардагерлермен жұмыс істеуді көздеп отыр. Нақтылай түсер болсақ, көне көз қариялардың тағылымын алып, кездесулер өткізу, қарттарға құрмет көрсетіп, жас ұрпақ арасына сабақтастық орнату. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Шиелі өңірі үлкенді қадірлеп, қарттарын құрметтеуді естен шығарған емес. Бұл соның бір ғана көрінісі.
Киелі Шиелінің көрікті мекен екені даусыз. Сол көркін ластамай, даңқты ұлдарының ескерткіштеріне күтім жасауды үрдіске айналдырған ерікті жастар «Біргеміз көрікті Шиелі» деп ұрандап, биыл да үлгілі іске кіріспек. Аудан тазалығын күн тәртібінен түспейтін мәселе десек, еріктілер жасағы оның да оң шешімін таппақ. Сонымен қатар бергенін айтып даңдайсымайтын қомқор жандар «Біргеміз жомарт жүрек» деп аталатын бесінші бағытта көмек қолдарын созбақ. Орталық жетекшісі аудан көлемінде 60-қа тарта еріктілер болса, жыл соңына дейін олардың қарасы қалыңдай түседі деп сендірді. Олай болса 2020 жылда еріктілер қандай ерлік танытар екен күтейік...
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ