Еріктілерге ел риза
«Біреуге жапқан шапаныңмен өзіңнің жүрегің жылиды» демекші, өзгеге жақсылық жасау, қиналған жанның ризашылығына бөлену керемет емес пе? Тіпті өзгеден жақсылық көргеннен гөрі, біреуге қайырымдылық жасаған зор қуаныш сыйлайды. Ұзақ та қысқа, күрмеуге келмейтін ғұмырда тағдырдың теперішін көрген адамның бір ғана рақметі жанды жадыратады. Қуаныштысы, қазіргі таңда жақсылықтың жаршысына айналған жандар көп-ақ. Қай жерден болсын кімнің қандай қиын жағдайда отырғанын, оған кім көмектесіп жатқанын біле аласыз. Биыл мұндай жаңалықтардың легі тіптен көбейді. Оның бір себебі – еріктілер жылы.
Естеріңізде болса, өткен жылдың мамыр айында Қостанайда болған жастар форумы кезінде «Ұлттық еріктілер желісінің» төрайымы Вера Ким 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауды ұсынған болатын. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұтымды ұсынысты қолдап, еріктілерді әрқашан қолдауға даяр екенін білдірді. Мемлекет басшысы бұл тұрғыда «ҚР Президенті ретінде мен әрқашан волонтерлардың қозғалысын қолдайтынымды жеткіземін. Сондықтан сіздердің келесі жылды волонтерлар қозғалысының жылы деп жариялау туралы ұсыныстарыңызды толығымен қолдаймын. Еріктілер – жаны таза адамдар. Олар – елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз» деп өз ойын айтты.
Қаулы қабылданып, қайырымдық көрініс табатын жылдың ашылғанына да жарты жылдан астам уақыт болды. Осы уақыт аралығында аудандағы бірқатар еріктілер көпшілікке көмектесіп, қол ұшын созып келеді. Бір қызығы еріктілер жасаған жақсылығы үшін ешқандай ақы талап етпейді. Олар айналаны көгалдандыру, абаттандыру, үгіт-насихат жүргізу сынды жұмыстарды да өз еркімен атқарады. Сол себепті еріктілердің қоғамдағы орны ерекше. Халықтың басым бөлігі еріктілерді қайырымды жандар ретінде есте сақтап, үлгі тұтады. Еріктілікті бір жағынан қазақ халқының көнеден келе жатқан «асар» дәстүріне ұқсатсақ та болады. Асардың көрші-қолаңға немесе ағайын-туысқа, сондай-ақ мұқтаж жанға арналып жасалатын үрдіс екені барлығымызға мәлім. Еріктілік те солай. Дегенмен еріктілікті адам жалғыз ісетесе де, арнайы топ құрып жасаса да болады. Ең бастысы әр жанның жүрек түкпірінде жақсылық жасауға деген ынта мен құлшынысы болса болғаны. Бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде волонтерлық ұйым жұмыс істейді. Ал ұйымның құрамына кірмей, жеке өзі көмек көрсетіп жүрген адамдар қаншама? Мұның барлығы әр қазақтың жүрегі қайырымдылық деп соғып тұрғанынан хабар берсе керек. Әсіресе, қазіргідей індет өршіп тұрған уақытта еріктілердің өз жұмысына білек сыбана кірісіп жатқанын ешкім жоққа шығара алмас. Мәселен, аудандық жастар ресурстық орталығын айталық. Бұл орталық Президент жарлығынан кейін «Жомарт жүрек», «Көрікті Шиелі» еріктілер жасағын құрып, бекітілген бес бағыт бойынша жақсылық жасауға білек сыбана кірісті.
Кенттің көркін қашырған қоқыстарды тазалап, қыстың бел ортасында жауған қарды да күреді. Бұдан бөлек тұрмысы төмен отбасыларға және көнекөз қарияларға жәрдем берді. Коронавирус індеті тарап, карантин режимі енгізілгеннен кейін де еріктіліктің ерен үлгісін жалғастырды. Карантин уақытында сақтық шараларын қатаң сақтау үшін аудандағы әр мекемеге түсіндірме жұмыстарын жүргізді, жас кәсіпкерлермен біріге отырып ем алушыларға азық-түлік пен жеміс-жидек жеткізді. Тынысы тарылған науқастарға 70-ке жуық кислород толтырылған баллон апарып берді және аудан тұрғындарына 500-ден аса бетперде таратты. Иә, бәлки жастар ресурстық орталығының қызметкерлері азық-түлікке я болмаса басқа да қажетті құралдарға өз қаражатын жұмсап жатқан жоқ шығар. Бірақ олар демеушілердің аманатына қиянат жасамай жеткізушілер. Сондай-ақ халықты сақтық шарасын сақтауға шақырып, үгіт-насихат жүргізуі де жанашырлықтың бір көрінісі.
Міне, дерт дендеп тұрған шақта аудан жастары осылайша қол көмек көрсетті. Басқа да азаматтар ауырып жатқан және тұрмысы төмен отбасыларға қолдан келгенше жәрдемдесуде. Бұл орайда кәсіпкерлердің атқарып жатқан жұмысы аз емес. Карантинге байланысты өз кәсібі тоқтаған кейбір кісілер де қайырымдылыққа келгенде үнсіз қалмауда. Төтенше жағдай басталғалы мұндай көмектің бірнешеуін естіп те, көріп те келеміз. Мысалы, атақты продюссер Нұрлан Қоянбаевтың, «Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалының карантин режимінің алғашқы айларында бірнеше ауылға азық-түлік таратқаны баршамызға мәлім. Ал қазіргі таңда кәсіпкерлер ауруханаға жасанды тыныс алу аппаратын жеткізуге мұрындық болуда. Бұл игі бастама «Үшбатыр» балабақшасының басшысы Зина Берканованың ұйымдастыруымен қолға алынған. З.Сәпиқызының айтуынша, қомақты қаржыны жинауға кәсіпкерлер ғана емес, жеке балабақша құрылтайшылары да өз үлесін қосқан. «Көп түкірсе көл» демекші, қайырымдылық үшін жиналған қаржының бір бөлігі құрбан шалуға жұмсалған. Ұйымдастырушылар ірі қара мал алып, орталық мешітте дұға жасап, құрбан шалған. Содан кейін ауданның бас имамымен ақылдаса отырып, 30 отбасыға азық-түлік жеткізген. Ал келесі күні ауруханаға 2 медициналық оттегі баллон, 10 редуктор, 72 медицина қызметкеріне азық-түлік табыстаған.
– Жақсылық жасауға ауданның бетке ұстар барлық кәсіпкері атсалысты. Насыр Мырзабеков ағамызбен Қызылорда қаласына барып, жасанды тыныс алу аппаратын алып келдік. Сондай-ақ Айткүл Әбдіқадырова, Нұрия Есенбекова, Ләззат Барманқұлова сынды жандар да жақсылықтың жаршысына айналды. Осындай қиын-қыстау кезде кәсіпкерлер де, жеке балабақша құрылтайшылары да ауызбіршілігін таныта білді. Қазақ халқының басынан өткен нәубет аз емес қой. Бұл да бізге берілген сынақ шығар. Алайда осындай жақсылық деп жүрегі соғатын азаматтардың арқасында барлығын жеңіп шығамыз деген сенімдемін, – дейді Зина Сәпиқызы.
Газеттің өткен сандарында аудандық ауруханаға жасанды тыныс алу аппаратының қажет екенін тілге тиек еткен едік. Енді міне, демеушілер 22 шілде күні Шиелі ауданаралық ауруханасына адам өміріне араша түсетін қат та қымбат медициналық аппаратты жеткізді. «Мейірімділік әлемді құтқарады» демекші, осылайша қайырымды жандар бір емес, бірнеше жанның еркін тыныс алуына септігін тигізді.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА