Жақсылыққа жаны құмар жандар
Жақсылық жасау, жығылғанға сүйеу, жылағанға тіреу болу – кез келген адамның қолынан келетін іс. Тіпті бұл қазақ халқының өмір заңдылығы мен күнделікті тұрмыс-тіршілігіне сіңіп кеткен. Мұны біз алыстан сұлбасы көрінген қарияның жүгін көтеруге асығатын баладан немесе жасы кішіге ізет білдіріп, үлкенге құрмет көрсетіп жүрген жастардан аңғара аламыз. Қазіргі таңда жақсылық жасаудың үлгісі мемлекеттік маңызға ие болып, оған үлкен мән берілуде. Сәйкесінше қоғамда еріктілердің де беделі биіктей бастады. Оның бір дәлелі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауы.
Жаңалықтар легінен жасаған жақсылықтарды көргенде жетімді көрсе жебеп, қиындықты қашанда бірге көтерісуге даяр тұратын қазақтың қамқор көңілі, дарқан пейілі кемімесе екен деп тілейтініміз рас. Өйткені адамды адам етер қасиеттің бірі – қайырымдылық. Ол адамгершілік қасиеттен тамыр тартады. Ал жұмыр басты пенденің қолда барын көппен бөлісіп, сауапты іс жасауы – ізгі амалдардың бірі. Әсіресе, ел еңсесі езіліп, әрі-сәрі күйге түскенде жаныңдағы жанның жылы сөзі-ақ көңілге көктем сыйлайды. Дәл қазіргі сәт, яғни індет дендеген уақыт еріктілерге деген сенімді одан әрмен күшейтті. Жанын шүберекке түйіп отырған әр тұрғын жылт еткен жақсылыққа жүрегі езіле, жанары жасқа тола қарайтын болды. Қым-қуыт тірлікте «Қайырымдылықты кім жасамайды?» деп аса мән бермеуші еді, ал қазір өз денсаулығын қатерге тігіп, қоғамның ортасынан табылып жүрген еріктілердің ісін ерлікке балағандардың саны артты. Тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та волонтерларға риясыз алғысын білдірді. Мемлекет басшысы «Волонтер жылында еріктілер елімізде коронавирустың таралуына жол бермеу үшін үлкен жұмыс атқаруда. Олардың еңбегі – халқымызға тән асыл қасиеттердің көрінісі. Волонтерларға алғыс айтамын» деп твиттер парақшасына жазды.

Қалың қазақ елі әр жанның бойында қайырымдылық жасауға деген құмарлық бар екеніне коронавирус індеті тіркелгенде-ақ көз жеткізді. Өйткені алғашқы карантин режимі енгізілген күннен бастап еріктілер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қызмет атқарды. Көмекке мұқтаж жандардың жанынан табылып, тіпті бетперде тапшылығын да болдырмауға тырысты. Табалдырықтан аттап шыға алмайтын қарт кісілердің есік алдына дейін азық-түлік апарып берді. Осылайша індет тарап жатқан уақытта ерен ерлік танытқан еріктілердің ісін ешкім естен шығармақ емес. Әрине, «өзгеге шапан жауып, өз жүрегін жылытып жүрген» жылы жүрек, жомарт қол азаматтар біздің ауданда да аз емес. Солардың бірі – жақсылық жасауға жанын салып кірісетін ағайынды Жеңсікбаевтар. Олар үміті мен уайымы, сенімі мен сергелдеңі шарпысқан жандардың жыртық жүрегіне жамау болатын игі істерін талай жылдың жүзі атқарып келеді. Тіпті қайырымдылық жасауға жолындағысын жалмайтын жаман ауру да кедергі келтіре алмады. Қайта Ербол және Ерназар Жеңсікбаевтар игі істерін одан әрмен күшейте түскендей.
Ақмая ауылының тумасы, аудандық мәслихат депутаты Ербол Жеңсікбаев – жақсылық жасауға құмар жан. Оның қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек қолын бір емес, бірнеше рет созғанына көптің көзі куә. Ауданның атымтай азаматы қаржылай болса да, заттай болса да қайырымдылықтың алуан түрін жасап келеді. Ал Ербол Жеңсікбаев демеушілігімен алынған азық-түліктер мен заттарды, қаржыны үйді-үйге жетуін інісі Ерназар Жеңсікбаев жіті бақылайды. Жіті бақылағаннан бөлек өз қолымен мұқтаж жандардың қолына табыс етеді. Мәселен, ауданда қатаң карантин режимі енгізілгенде Ербол Жеңсікбаев 47 отбасыны азық-түлікпен қамтамасыз етті. Ал Ерназар Оразбекұлы сол азық-түлікті алып, індет дендеп тұрғанына қарамастан ауылдағы ағайынға таратып, алғысқа бөленді. Бұл да еріктіліктің ерен үлгісі десек жаңсақ емес. Бұдан бөлек 12 отбасыға ет, тағы 41 отбасыға азық-түлік беріп, бір жанұяның қарны тоқ, киімі көк болуына атсалысты. Ал жақында ғана қайта күшіне енген карантин режимі уақытында азаматтарға ақшалай жәрдемдесуді қолға алды. Ерназар Жеңсікбаев бір сәт жұмысы мен отбасын ысырып, дәрі-дәрмек тапшылығынан қиналып отырған 19 отбасыға қаржылай көмекті жеткізіп берді.
– Ақмая ауылының тұрғындарына жасалып жатқан жақсылықтың басым бөлігі Ербол Жеңсікбаевтың демеушілігімен болып отыр. Мен қаржылай көмекті және азық-түлікті үйді-үйге таратып беремін. Өйткені, Ақмая ауылының тумасы болғандықтан кімнің қандай күйде отырғанын жақсы білемін. Қуаныштысы, көмек көрсетуге барғанда ризашылықтан жүзі бал-бұл жайнаған жандарды көріп, керемет сезімге бөленемін, – дейді Ерназар Оразбекұлы.
Иә, қауіп қыр астында тұрғанда көбіміз табалдырықтан аттап шығуға жүрексінеміз. Ал Ерназар Жеңсікбаев аты жаман ауруды да қаперіне ілмей, өз басын қатерге тігіп, жақсылықтың жаршысына айналуда.
Коронавирус індетінің жаппай өршуіне байланысты көптеген адамдардың қазір тұрмысы тұралап қалғаны жасырын емес. Әсіресе, шет аймақтарда біріне азық-түлік жетіспесе, енді біреулер дәрі-дәрмек таппай сарсаңға түсуде. Ал ауруханалардағы оттегі аппаратының жетіспеуі жалғыз адамның емес, барлығының уайымына айналды. Міне, осындайда қазақ елінің бірлігі мен ауызбіршілігін танытып, кәсіпкерлер мен қалтасы қалың азаматтар қолдау көрсетсе игі. Әрине, кейбіреулерінің қыруар жұмыстан қолы босамауы мүмкін, бірақ қаржылай немесе заттай көрсеткен көмектерін еріктілер арқылы мұқтаж жандарға жеткізіп берсе, құптарлық іс болар еді.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА