Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылы жүрек – жомарт қол

Жылы жүрек – жомарт қол

Қайырымдылық қай кезде де адамгершіліктің биік өлшемі іспетті бағаланады. Ол негізінде байлыққа да, билікке де, тіпті, жоқтыққа да тәуелді емес. Ең бастысы - көңілің кең болсын. Міне, нақ осындай ізгі қасиетті бойына сіңірген, өзінде барды бөлісіп, қоғамымыздың кем-кетігін қайырымды жүрегімен сезініп, көмек қолын созуға әрдайым дайын тұратын жанның бірі Ғафур Қалдыбеков. Тұңғыш Президент күніне орай Ә.Тәжібаев ауылдық клуб үйінде Ғафурдың мұрындық болуымен «Жылы жүрек – жомарт қол» атты қайырымдылық концерті болып өтті.
Елбасы Н.Назарбаев халыққа тебіреніске толы сөз айтқан еді: «Тәуелсіздікті баянды ету аңсар мұратымыз, өтпелі шақтағы қиындықты жеңу азаматтық міндетіміз, ал, тұрмысы төмен отбасыларға, ата-аналарының қамқорынсыз қалған балаларға қолдау көрсету адамгершілік парымыз» – деген болатын. Қайырымдылық ең ізгі қасиеттің бірі болғандықтан, Телікөл ауылында ауқымды шара ұйымдастырылды. Оған ауыл әкімдігі мен клуб қызметкерлері, тұрғындар қатысты. Осы ретте, ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Халықберген Тұрсынбетов: «Осындай игі шараның ауылда көрініс табуы бізді қуантып отыр. Қайырымдылық жасау көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйіспеншілік. Ел игілігі үшін еңбектеніп жүрген талантты жастарымыздың адал ісінің берекесі көп болғай! Ауданның абыройын асқақтатар талантты ұл, қыздарымыздың өнері биіктерден көрініп, жас толқындар легі осындай өнерлі жастармен толыса берсін» – деп, ізгі тілегін жеткізді. Ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Айсара Әбілдаева іс-шараны өткізуге атсалысып, аудан өнерпаздарының басын қосқан Ғафур Қалдыбековке алғысын білдіретіндігін тілге тиек етті.
Ауыл халқы осынау шара барысында күнделікті күйбең тіршіліктің қарбаласынан арылып, әсем ән әуеніне елітті. Залдағы көрермендер ерекше ықыластарын білдіріп, зор қошемет­терін көрсетті. Себ­ебі, концерт­тен түс­кен қаражат қайырымдылық қорына тапсыр­ылып, ауыл ақсақал­дарының ұй­ғарымымен ауылдағы мұқтаж отбасыларға беріледі деп шешілді. Алдағы уақытта да осындай игі шаралар көптеп ұйымдастырылып, ізгілік көрсетіле бермек деген сенімдеміз. Иә, қайырымдылық үлкен жүректен туады. Сондай ізгі ниетті адамдардың бар екендігі айналаны одан әрі шуаққа бөлей түседі.


Ж.Қауғанбаева.
30 қараша 2018 ж. 3 553 0