Жұма күнгі сауапты іс
Әр жұма мұсылмандар үшін зор мереке күні болып есептеледі. Бұл күн жұма намазы оқылуы парыз. Күндердің сұлтаны жұма, дұға- тілектердің, ғибадат-құлшықтардың қабыл болатын зор мүбәрак күні. Сондықтан, әр мұсылман бұл аса ардақты күнді жоғары бағалап, жаман істерден сақтанып, ізгі істер істеуге тиісті. Ата-ана, ағайын- туғандармен көрісіп, хал жағдайларын сұрап, жоқ-жітікке қол ұшын беріп, мұң-мұқтаждарына көмек етуге тырысу қажет. Осындай игі істің бірі – Қызылорда қаласында әр жұма сайын дүкендерде нанның тегін берілуі.
Мерей Мұратқызы Шиелі ауданының тұрғыны. Балаларымды демалыста қыдыртайын деп Қызылорда қаласына барған едік. Тәттілер алайын деп дүкенге кірсек, халыққа тегін бөлке нан таратылып жатыр екен. «Не себепті тегін таратылуда?» деп сұрағанымызда, қасиетті жұма күні сауапқа кенелу үшін, – деп жауап берді. Бұл күні дүкенге түсетін бөлке нандар халыққа тегін таратылады екен. Міне, қандай қайырымды іс десеңізші? Біздің ауданымызда да осындай қайырымдылық шаралар қолға алынса? Ауданымызда бірнеше наубайханалар жұмыс жасайды. Қалталы азаматтар да аз емес. Осындай бастаманы қолға алып, жұма сайын әлеуметтік аз қамтылған жандарға нанды тегін таратса қаншама сауапқа кенеледі емес пе? Облыс орталығындағы осындай оң іс көпшілікке тәжірибе ретінде таратуға тұрарлық. Наннан үлкен ас жоқ. Сондықтан, Қызылорда қаласында басталған игілікті іс біздің ауданымызда да қолға алынса деген ұсынымыз бар.
***
Қайырымды істің үлкен кішісі болмайды. Шиелілік жас-жұбайлар Ерасыл Жұматаев пен Айзат Мәлібекова қымбат той кортежіне мінгеннен гөрі, сауапты іске мұрындық болғанды жөн көрді. Олар достарының тойға қыдыруға деп жинаған қаражатына орталық мешітке барып, көпбалалы үш отбасыға қайырымдылық жасады. Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Қиналғанға көмек қолын созып, қайырымдылық жасау әрбір мұсылманның парызы. Ерлі-зайыпты жастардың осындай игі істері алдағы уақытта көпшілікке үлгі болса деген тілегіміз бар.
«Жанашырлыққа жан риза» демекші, осындай көмектің арқасында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың жыртығы бүтінделіп, көңілдері көтеріліп қалады. Жан жадыратар мұндай істер баршамызды қуантады.
Әзірлеген А.МОЛДАХМЕТҚЫЗЫ.