Еріктілерге есеп қажет пе?
«Біреуге жапқан шапаныңмен өзіңнің жүрегің жылиды» демекші, расында, өзгеге жақсылық жасау, қиналған жанның ризашылығына бөлену керемет емес пе? Тіпті өзгеден жақсылық көргеннен гөрі, біреуге қайырымдылық жасаған зор қуаныш сыйлайды. Ұзақ та қысқа, күрмеуге келмейтін ғұмырда тағдырдың теперішін көрген адамның бір ғана рақметі жанды жадыратады. Қуаныштысы, қазіргі таңда жақсылықтың жаршысына айналған жандар көп-ақ. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, теледидардың тетігін басып қалсаңыз болды кімнің қандай қиын жағдайда отырғанын, оған кім көмектесіп жатқанынан хабардар боласыз. Биыл мұндай жаңалықтардың легі тіптен көбейді. Оның бір себебі – еріктілер жылы.
Иә, биылғы еріктілер жылының екінші айы да келді. Осы уақыттың ішінде ауданның өзінде бірқатар шаруа атқарылды. Аудандық жастар ресурстық орталығы Президент жарлығынан кейін «Жомарт жүрек», «Көрікті Шиелі» еріктілер жасағын құрып, бекітілген бес бағыт бойынша жақсылық жасауға білек сыбана кірісті. Кенттің көркін қашырған қоқыстарды тазалап, қыстың бел ортасында жауған қарды да күреді. Бұдан бөлек тұрмысы төмен отбасыларға және көнекөз қарияларға жәрдем берді. Хош. Бұл істің барлығына «бәрекелді» деуге болады. Кім қандай жақсылық жасаймын десе де оған тыйым жоқ. Қайырымдылық қылу да арнайы ережеге тәуелді емес. Алайда, сананы бір сауал шиырлайды. Осы еріктілікке есеп қажет пе? Жақсылық жасаған жандар оны жарнамалауға міндетті ме?
Баспасөздің 25 қаңтар, №6 нөмірінде «Жақсылықты жарнамасыз жасаған» тақырыбымен жолсапар очеркін жазған болатынбыз. Мақалада бас кейіпкер Серік Махановтың ауыл үшін ауқымды істер атқарғанын айтқан едік. Бірақ сол тындырымды тірлікті С.Махановтың өзінен емес, Бала би ауылының тұрғындарынан естідік. Себебі, бас кейіпкеріміз жасаған жақсылығын жариялауға құмар емес-ті. Бірақ сонда да ауылдың атымтай жомартын кез келген адам таниды. Бұл біреуге қылған қайырымдылықтың ешқашан жасырын қалмайтынын білдіріп тұрғандай. Әрі қазақ даналығында «Өзің мақтанба, өзге мақтасын» деген сөз бар емес пе? Қазір осы сөздің, «Оң қолын жасағанды, сол қолын білмесін» деген насихаттың мәні кеткендей. Дінде де «Жақсылықты есеппен жасама. Рақмет күтпе. Жақсылығыңды міндет етпе. Алла жолында не берсек те, қандай қайыр-жақсылық қылсақ та, сөзсіз ол өзімізге қайтады! Ол – Алланың уәдесі» демей ме? Ал біз еріктілер жылын алға тартып, оңтайлы тұста орайын тауып, ұпай жинағымыз келеді.Қит етсе қылған қайырымдылықты желіге жүктейміз. Әсіресе, тұрмысы төмен отбасыға көмек көрсетіп, оны жұртшылыққа жария ету мұқтаж жанның кеуіліне тиеді деп ойламаймыз. Әрине, барлық жақсылықты жасырып қалу мүмкін емес. Алайда, әлеуметтік желіге ерекше еріктілікті ғана жарияласа болмас па? Ал қар күреп, ауданға тазалық жұмысын жүргізу немесе мұқтаж жанға азық-түлік апару құпия ретінде сақталса, жастардың еріктілер жылына қосқан шын үлесі сол болар еді. Осы тұста елге белгілі дін уағызшысының «Шіркін, мендегі бар ілімді жұрт пайдаланса, бірақ менен алғанын білмей-ақ қойса» деген сөзі ойға оралып отыр. Міне, жақсылық жасаудың нағыз көрінісі осы шығар. Көкірегі иман мен ілімге толған жан ешкімнен мақтау да, мадақтау да күтпейді. Бар болғаны көпшілікке өз пайдасын тигізгісі келеді.
Бір байқағанымыз, еріктілер жылы ауқымды іс пен тиянақты тірлікті қажет етеді. Естеріңізде болса, өткен жастар жылында 100-ден аса шара ұйымдастырылған. Оның басым көпшілігі жиын, концерт, форум. «Күлтөбенің басында күнде жиын» дегендей екі күннің бірінде жастар қауымы жиналыс деп ағылды. Алайда, сол жиналыстың ішінде ел есінде сақталғаны санаулы. Ол кезде де әдеттегідей әлеуметтік желіде «Жастар жылының аясында» деп хабар тарады. Енді мүмкіндік болса еріктілер жылын жастар жылының жалғасы қылмайық. Ақыры ерікті болып, жақсылық жасаймыз деп мақсат қойдық па, сол қайырымдылықты «галочка» үшін емес, адал пейілмен, шын көңілмен жасайық. Сонда ғана ісіміз өрге домалап, халықтың ықыласына бөленеріміз хақ.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА