Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсылыққа бастайтын жан қалауы

Жақсылыққа бастайтын жан қалауы

2019 жылдың соңғы айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылының жабылу рәсіміне қатысып, «2020 жыл – Волонтер жылы» деп жариялаған болатын. Содан бері еріктілер ел ішінде ауыз толтырып айтарлық көптеген жұмыс қолға алып келеді. Бір қуантарлығы өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап арта түсуде. Бүгінде әлем халқының 970 миллионы волонтер болса, оның ішінде әрбір сегізінші қазақстандық еріктілер қатарын толықтыруда.
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Абай атамыздың бұл құдіретті сөзі барлығымыздың бойтұмарымызға айналды. Адамзаттың тілеуі – амандық. Ол жолда ешкім аянып қалып жатқан жоқ. «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» ұранын ту етіп ізгілікті іс атқарып жатқан еріктілердің ерен еңбегіне халық та ризашылығын білдіруде. Ерікті болу – жүректің ісі. Шынайы ниеттің көрінісі. Олар қолға алған әрбір істің нәтижесі тек жақсылыққа бағытталатыны ақиқат. Оған еліміздегі қысыл-таяң шақта еріктілердің атқарып жатқан жұмыстары дәлел. Олар азат елдің ұрпағы ретінде ауыр кезеңде жұмыс істесе, жергілікті атқарушы билік оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, қолдау танытудан шаршамайды.
Осындай үдеден табылып жүрген №156 Н.Бекежанов атындағы қазақ орта мектебінің жанынан құрылған «Аялы алақан» еріктілер тобының игілікті ісі де көпшілікке үлгі боларлық. 35 жасқа дейінгі жастардан құралған бұл топ жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға азық-түлік үлестіріп, пандемияға қарсы ауыл тұрғындарына тегін бетперде таратып, Ұлы Отан соғысының ардагері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Сәрсенбек Байжановтың үйіне барып, тазалық жұмыстарын жүргізуге жәрдемдесті. Сол секілді жалғызбасты қарттардың, тұрмысы төмен отбасылардың үйіне жәрдемдесуді адамдық борыштарына балап, қиындыққа душар болған жандарға көмек қолын ұсынып келеді. Мәселен, бір ауыл тұрғынының шаңырағында оқыс оқиға орын алып, тілсіз жаудың салдарынан үйі өртеніп кеткен еді. Осындай қиын шақта «Аялы алақан» еріктілер тобы бірлесіп сол отбасыға материалдық қолдау көрсетті. Аталған игілікті істердің ұйытқысы №156 Н.Бекежанов атындағы қазақ орта мектебінің директоры Мұқаш Пернеев пен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Талғат Нақыпов екенін де айта кеткеніміз жөн. Жастарды жақсылық жасауға шақырып, үнемі тәлім-тәрбие беруден жаңылмаған мектеп басшылары барлық істің басы-қасынан табылып келеді. Осы орайда айта кетейік мектеп аумағынан «Жастар аллеясын» істеуді де алдағы күннің еншісіне жос­парлаудамыз. Мектеп маңын жасыл желекке айналдырып, әдемі орындықтармен әсемдеп қойсақ, жастардың шығармашылығын арттыратын демалыс орнына айналатын болады. Бұл еріктілер жылындағы жемісті істердің бірі болып қаларына сеніміміз мол.

Меруерт Дулатова,
«Аялы алақан» еріктілер тобының жетекшісі

06 қараша 2020 ж. 484 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930