Мейірімділік әлемді құтқарады
Биылғы еріктілер жылының бел ортасына да келдік. Осы уақытқа дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінде еріктілер жақсылық жасаудан жарысуда. Бұл саптан Шиелі ауданы да қалыс қалған емес. Шиелілік еріктілер Мемлекет басшысы еріктілер жылын жариялаған бойда іске кіріскен болатын. Мұны аудандық жастар ресурстық орталығы қолға алып, «Жомарт жүрек», «Көрікті Шиелі» еріктілер жасағын құрды. Жай ғана құрып қоймай, бірнеше қайырымды істерді атқарып, жақсылық жасауға мұрындық болды. Ал дәл қазіргі сәт яғни індет дендеген уақыт еріктілерге деген сенімді одан әрмен күшейтті. Жанын шүберекке түйіп отырған әр тұрғын жылт еткен жақсылыққа жүрегі езіле, жанары жасқа толып қарайтын болды. Әдеттегі уақытта «Қайырымдылықты кім жасамайды?» деп аса мән бермейтін еді, ал қазір өз денсаулығын қатерге тігіп, қоғамның ортасынан табылып жүрген еріктілердің ісін ерлікке балағандардың саны артты. Тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та волонтерларға риясыз алғысын білдірді. Мемлекет басшысы «Волонтер жылында еріктілер елімізде коронавирустың таралуына жол бермеу үшін үлкен жұмыс атқаруда. Олардың еңбегі – халқымызға тән асыл қасиеттердің көрінісі. Волонтерларға алғыс айтамын» деп твиттер парақшасына жазды.
Иә, коронавирус індеті жалғыз адамның емес, бір қауым елдің басына түскен сынақ. Мұндай сәтте әрқайсысы қара басының қамын ойлап күйттесе де ешкім ренжімейтін еді. Бірақ қартайғанда жалғыздықтың ащы дәмін татқан ата-әжелердің, бір ғана бетперде алуға ақшасы жетпейтін тұрмысы төмен отбасылардың, айлығы шайлығынан артылмайтын көпбалалы отбасыларды да естен шығармау керек. Егер әркім өз қара басының қамымен жүрсе, көмекке зәру жандардың жан-айқайын кім еститін еді? Міне, осындайда еріктілер алдыңғы шептен табылды. Бүгінде Қазақстанда 200-ден аса еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Алайда, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының 2018 жылғы жасаған зерттеуі мемлекеттегі жастардың 82,6 пайызы еріктілікпен айналыспайтындығын анықтаған. Бұл әр бесінші жас волонтерлік туралы естімегенін білдіреді. Бірақ бұл көрсеткішке қарап қазіргі жастар жақсылық жасаудан жұрдай деп айта алмаймыз. Өйткені, қалың қазақ елі әр жастың бойында қайырымдылық жасауға деген ынта бар екенін COVID – 19 ауруы тараған кезде-ақ көз жеткізген болатын. Осынау қиын-қыстау кезеңде еріктілер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, көмекке мұқтаж жандарға жанұшыра көмектескеніне көптің көзі куә. Мәселен, қазақ халқына белгілі актер, продюсер Нұрлан Қоянбаев 32 отбасыға, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы наурыз айынан бері 80 отбасыға, ауданның атымтай жомарт азаматтары 250 отбасыға азық-түлік тарапынан қолдау көрсеткен. Ал төтенше жағдай кезінде Р.Нұржанова, Б.Қыдырбаев, Т.Шаутай, Т.Бабасов, Қ.Қасымов, Н.Әмір, Ә.Абдуллаев, Е.Жеңсікбаев, Н.Көпенов сынды ел ағалары қаржылай көмек білдірген. Аудан аналары біріккен «Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігі де қайырлы істен қалыс қалмақ емес. Аталған бірлестік «Ана сезімі» қоғамдық қорымен ұйымдасып, аудан халқын осы бір келеңсіз жағдайда қаймықпай қарсы тұруға шақырды. Аудан белсенділері Н.Палымбет, М.Сәдуақасова, Қ.Ыханова, С.Жұрманова, Г.Сүйінтаева, Н.Сейдахметова, М.Асуова, А.Шаймерденовалар «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалымен бірігіп Ы.Жақаев және Алғабас ауылдарындағы отыздан аса аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға азық-түлік жеткізді.
Осылай еріктілікпен айналысып, өзгеге «шапан жауып», өзінің де жүрегін жылытып жүрген жандардың қатарында өрімдей жастар да баршылық. Олар «Жас Отан» жастар қанатымен және аудандық жастар ресурстық орталықпен бірлесіп жұмыс істеуде. Солардың бірі – Нұрсұлтан Абибуллаұлы. Ол үміті мен уайымы, сенімі мен сергелдеңі шарпысқан жандардың жыртық жүрегіне жамау болатын игі істерін 2016 жылы, «Жас Отан» жастар қанатының құрамына кірген сәттен бастаған. Қазіргі таңда №181 жалпы білім беретін қазақ орта мектебінің 11 сынып оқушысы. Нұрсұлтанның айтуынша, оның ерікті болуына ата-анасы мен алтын ұя мектебі әсер еткен екен. Ата-анасы бала санасына жақсылықтың берер шарапаты мол екенін жастайынан сіңірсе керек. Өйткені, Нұрсұлтанның жасы небәрі 17-де болса да, жұдырықтай жүрегіндегі мейірімділік пен қайырымдылықтың өлшемі жоқ.
– Ерікті болып жүргенде есте қаларлық ерекше оқиғалар көп болатын. Тіпті өмірден күдерін үзіп, үміті білте шамның әлсіз жарығындай сөнуге айналған адамдарды да көрдік. Әсіресе, «Мейірім» орталығына барғанда ерекше сезімде болатынмын. Ондағы балаларды көріп, жүрегім қарс айырылады. Қазір сол орталықтың ем алушыларымен достасып кеттік десем де болады. Ал Арыс қаласына барғанда жарылыстың салдарынан жандары күйзеліп, көңілі құлазыған адамдарды көрдім. Сол сәтте жер бетіндегі барлық адамға мейірімділік керек екенін түсіндім, – дейді жас ерікті.
Коронавирус індеті белең алған шақта да Нұрсұлтан қол қусырып отырмаған. Аты жаман аурудың қауіптілігін естігенде-ақ тұрғындар жапатармағай бетперде алуға тырысқаны белгілі. Соның салдарынан ауданда бетперде тапшылығы орын алған болатын. Тығырықтан шығатын жол іздеген аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков «Тоғжан» тігін цехының иесі Тоғжан Мұсаеваға және Шиелі индустриалды-аграрлық колледжіне ұсыныс жасаған болатын. Осы орайда маска тігуге үлес қосқан еріктілердің қатарында Нұрсұлтан да бар.
Еріктіліктің бір ерекшелігі оған ешқандай қаржы төленбейді. Бір жағынан қарасақ қазақ халқының қай баласы болса да өзгенің қолтығынан демегеніне ақы сұраған емес. Олардың ақ батасын алғанның өзін абырой санаған. Олай болса, ел үшін ерікті жұмыспен айналысып жүрген жомарт жандарға елдің алғысына бөлене беріңіздер дегіміз келеді.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА