Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Волонтер – құрметті қызмет

Волонтер – құрметті қызмет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 27 тамыздағы қаулысында 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялады. Алдағы уақытта Үкіметке волонтер жылын өткізу бойынша қажетті шаралар қабылдау қажеттігін міндеттеді. Енді келер жылы еріктілер елді өздеріне еліте алады ма? Бұл сұрақтың жауабын уақыт еншісіне қалдырған дұрыс болар.
Ал әзірше талай қызықты танымдарға жол ашып, жастардың өздерін жаңа қырынан тануға мүмкіндік беретін қызметтің жай-жапсары мен аудандағы еріктілердің жайына көз жүгіртейік.
Аты айтып тұрғандай, волонтер – өз қызығушылығына қарай ерікті түрде тегін жұмыс жасау. Дамыған әрі дамушы мемлекеттерде жастардың әлеуеті мемлекеттік шаралар мен қоғамдық жұмыстарға белсенді пайдаға асады. Кей елдерде волонтерлік қозғалыстың дамығаны соншалық, тіпті волонтерлік корпорациялар құрылып, көздеген мақсаттарға тез әрі оңай жетуге мүмкіндік береді.
Ал жастарға тегін жұмыс істеу не үшін қажет? Әдетте еріктілердің белгілі бір әлеуметтік немесе қоғамдық міндеті болады. Жастар мұндай ауқымды шараларға әрине, қызығушылық таныту арқылы ғана жұмылады. Көбіне көп еріктілер ірі спорттық шараларға немесе «ЭКСПО-2017» секілді бұқаралық оқиғаларға, мүгедек жандарға көмек қолын созу, жастарға арналған фестивальдар сынды шараларға қатысады. Олар осы волонтерлік арқылы қоғамдық шараларда түрлі қызықты оқиғаларға куә болады. Одан бөлек туристер, жаңа таныстар, концерттер мен қойылымдарды тегін көру, оқиға ортасында жүріп, бәрінен хабардар болу, тегін тамақтану сынды факторлар жастарды қызықтырса, әлеуметтік шараларда студенттер, жасөспірімдер жүрек қалауымен, мұқтаж адамға қол ұшын созу мақсатында атсалысады.
Волонтерлік қозғалыста бизнес идеяларды жүзеге асыру, бизнес бастау, мемлекеттің қоғамдық, саяси, мәдени өміріне әсер ету сынды бағыты бар. Әдетте мұндай бағыт «корпоративті волонтерлік» деп аталады. Негізінен шетелдерде ірі компаниялар мен креативті қозғалыстар жастар әлеуетін белсенді қолданады. Өйткені, жас буында түрлі идеялер мен креативті бас­тамалар көп. Ал біздің елде волонтерлік ұғым бұрыннан болғанымен, еріктілер жасағының ең қарқынды жұмыс жасаған шағы 2017 жылы өткен «ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында деп айтуға болады.
Волонтерліктің аудандағы көрінісі қандай? Ауданда еріктілер қозғалысы қарқынды әрі жетілген болмаса да, олар түрлі бағытта дамып отыр. Жастар волонтерлікке не үшін баратынын жоғарыда айтып кеттік. Сонымен қатар жастарды мұндай қозғалыстар тәжірибе, білім мен біліктілік жинауға мүмкіндік берумен де қызықтырады. Волонтерлік ұйымдар жастар идеясын жүзеге асырып қана қоймай, ұяңдықтан арылып, шешендік, өнер, дәлелдеу машықтары, бизнес білімді жетілдіру, бір сөзбен айтқанда көшбасшы болуға көмектеседі. Осындай бағытта жұмыс істеп келе жатқан аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» жанынан 2017 жылдан бастап құрылған «Дос­тар әлемі» еріктілер жасағының жұмысын айтып кетуге болады. Ұйымның жарқын жобалары ретінде аудандағы жалғыз басты қарттар, сонымен қатар тұрмысы төмен отбасыларға тұрақты түрде ұсынатын қайырымдылық шараларын, кент орталығында орналастырылған тарихи тұлғалар М.Шоқай, Б.Қабылұлы, И.Құтпанұлына арналған ескерткіштерге ұйымдастырылатын тазалау жұмыстарын атап өтуге болады. Жасақ құрамында тұрақты түрде 40, жанама түрде 100 ерікті жас еңбек етіп келеді. Олардың дені 10-11 сыныптың оқушылары болғандықтан жасақ құрамы жыл сайын жаңарып, толығып отыратыны тағы бар. Бұл әзірше аудандағы еріктілерді біріктіретін жалғыз ұйым. Волонтерлер жылы қарсаңында ұйымның қатары одан әрі толысып, біраз жетістіктерге қол жеткізеріне сенім мол.
Р/S: Себебі, жоғарыда айтып кеткеніміздей, жас буында түрлі идеялар мен креативті бас­тамалар көп. Оған қоса жаңашылдыққа тез бейімделу, жылдам шешім қабылдау қасиеттері де жастарға ғана тән. Сондықтан олардың әлеуетін тиімді пайдалану арқылы біраз істі тындырып, үлкен жетістікке жетуге болады. Бұл біздің ойлап тапқанымыз емес, дүние жүзінде дәлелденген дүние.

Гүлхан ЯХИЯ

21 қыркүйек 2019 ж. 1 448 0