Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕРІКТІЛЕР ЕЛ ІШІНДЕ

ЕРІКТІЛЕР ЕЛ ІШІНДЕ

Президент Қ.Тоқаев биылғы жылды еріктілер жылы деп жариялаған сәтте «Ғұлама Абай «Адамзаттың барлығын сүй бауырым деп» деп баршамызға өсиет қалдырды. Волонтер болу – жүректің ісі, яғни шынайы ниеттің көрінісі. Сендер қолға алған жұмыстардың барлығы еріктіліктің жарқын үлгісі боларына күмәнім жоқ. Мен волонтер жылы аясында ең алдымен еліміздің жастарына зор сенім артамын. Әрдайым абыройлы әрі табысты болыңыздар» деген болатын.

Расымен, волонтерлік – қоғамға адал қызмет ету. Жасаған қайырымдылығын жарияға жар қылып, әлеуметтік желіге пост салып жүру үшін емес, әрбір ерікті өзі үшін, рухани тазаруы, кемелденуі үшін қоғамға қызмет етуі керек. Сонымен волонтер деген кім? Олардың Қазақстандағы және әлемдегі белсенділігі қандай? Олар қаншалықты пайдалы? Дерек бойынша волонтерлар дүние жүзінде кең таралып, әлемдік қозғалысқа, белсенді топқа айналған. Мәліметтерге сәйкес, бүгінде әлем бойынша 1 млрд-қа жуық адам ерікті болып табылады. Ал Қазақстанда 16 мың төңірегінде екен. Президенттің пікірінше бұл өте аз. Сондықтан бұл көрсеткішті 100 мыңға дейін көтеруге болады. Себебі, олардың жаһандық дамуға тигізер үлесі орасан. Мысалыға, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 2,5 пайызы – еріктілер еңбегінің нәтижесі екен.
Бірқатар елдерде ерікті болу қалыптасқан жағдай, олар үлкен құрметке ие. Себебі, жұрт оларды ерекше сыйлайды, құрметтейді. Бізге белгілі ақпаратқа қарағанда Франция халқының жартысына жуығы волонтер атанған. Сонымен қатар Германия мен Жапонияда еріктілердің саны жылдан жылға көбейіп келеді екен. Біздің елде де соңғы уақытта еріктілерге ерекше көңіл бөлініп келеді. Оның бір ғана дәлелі – биылғы жылдың еріктілерге арналуында. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Еріктілік – бұл мемлекет пен жалпы қоғам дамуының көрсеткіші. Елдің жетістіктері мен жеңістері күнделікті пайдалы және маңызды істерді орындайтын патриот азаматтардың белсенді әрекеттеріне тікелей байланысты. Бізде ондай азаматтар өте көп. 16 мың адам – бұл бастапқы сан ғана. Мен кем дегенде 100 мың, мүмкін миллиондаған адамдар, негізінен өзінің жан дүниесімен шын беріліп, өз еркімен волонтерлықпен айналысуға дайын екендігіне сенімдімін. Мемлекеттің, атқарушы органдардың, сондай-ақ Парламент депутаттарының міндеті – еріктілер қозғалысына қатысуға көмектесу. Біз мұны жасаймыз» деген болатын.
Иә, еріктілер жасына, кәсібіне қарай бөлінбейді. Оның білімі, қызметі, лауазымы, деңгейі мен дәрежесі маңызды емес. Ең бастысы, еріктілер көптеген азаматтардың назарын өздеріне аудартып, өзгелердің түзелуіне, ойын өзгертуге ықпал етеді, үлгі болады. Сондықтан оларға тек бір жыл ішінде ғана емес, үнемі жақсылық жасап отыруға бағыттау керек. Осылай адамдарды біріктіруге, жақсы адамдардың қатарын арттыруға болады.
Дәл қазіргідей еліміздегі қысылтаяң шақ – еріктілердің өздерін көрсететін, қызу жұмыс істейтін кезі. Ал жергілікті атқарушы биліктің оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп,қолдауы маңызды.
Аты жаман аурудың қауіптілігін естігеннен-ақ жұрт маска киіп сақтануға кірісті. Нәтижесінде дәріханаларда бетперделердің тапшылығы байқалды. Бүкіл ел ішіндегі маска біздің ауданда да орын алған болатын. Тығырықтан шығудың жедел жолын іздеген аудан басшысы Қамбарбек Мүбараков «Тоғжан» тігін цехының иесі Тоғжан Мұсаеваға және Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің тігін цехына ұсыныс жасаған болатын. Нәтижесінде тігіншілер маска тігуді бірден қолға алып, тиімді бағамен дәріханаларға өткізуде. Күніне әр цехтан 1500-2000 дана өнім өндірілсе, бүгінге дейін кент ішіндегі бірнеше дәріханаға 12 мыңнан аса маска жеткізіліп үлгерген. Міне, мұның өзі қос кәсіпорының аудан халқының игілігі мен қауіпсіздігі үшін жасаған ерікті қызметі дер едік.
Аудандағы жас еріктілер де игі істен қалыс қалып жатқан жоқ. Жас­тар ресурстық орталығының бастамасымен 600-ге жуық медициналық маска тұрғындарға тегін таратылды. Ерікті жастар тегін бетпердені орталық базар сатушылары мен қоғамдық көлік жүргізушілеріне және темір жол вокзалындағы жолаушыларға, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға үлестірді. Сондай-ақ тұрғындарға тазалық сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, коронавирустың алдын алуға арналған үнпарақтар таратылды.
Иә, қазақ «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп, қандай іс болмасын бірігіп еңбек етуге шақырған. Осыны ескерген аудандағы еріктілер де аты жаман індеттің алдын алу шараларына белсене атсалысып келеді. Дегенмен сексен мыңнан асатын халқы бар өңірде еріктілердің саны да аз болмауы керек. Осы орайда жергілікті кәсіпкерлер мен белсенді азаматтар елдің игілігі мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін игі іске біркісідей жұмылады деп сенеміз. Ерікті болу қашанда ерлікпен тең.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ





27 наурыз 2020 ж. 767 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930