Кәсіпке креатив, тұтынушыға мотивация
Бұл күнде кәсіптің көзін тауып, ісін өрге домалатып жүрген жандардың қатары көбейіп келеді. Қос дипломды қалтаға басып, қол қусырып жүргенше, бір кәсіптің құлағын ұстап, адал еңбекпен нәпақасын табуды жөн көргеннің несі айып? Мейлі, ол етікші не болмаса шаштаразшы болсын. Бастысы жаны қалаған істің маманы атану.
Иә, кез келген мамандықтың өзіне тән қызығы мен ауыр тұстары болады. Сондықтан өз ісінің маманы атану көп еңбектеніп, ізденуді қажет етеді. Оған қоса, сол мамандыққа, кәсіпке деген адамның ерен ықыласы, сүйіспеншілігі болуы керек. Екінің біріне өз ісінің маманы болудың бұйырмайтыны осындай қасиеттердің жетпей жататынынан. Жалпы, кәсіпкерлік дегеніңіз – кедір-бұдыры көп сала. Бәсекелестік ортаны былай қойғанда, сапалы қызметіңізге қарай нәпақаңызды табасыз. Дегенмен кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та, аудан әкімі Қ.Мүбараков та жиі айтып, ынталы адамға оңтайлы жағдай жасауда. Осындай мүмкіндікті мүлт жіберген кәсіпкердің бірі бүгінгі тақырыбызға арқау болмақ.

Жас та болса жалын жігерімен көптің ықыласына бөленіп үлгерді бұл жігіт. Ныспысы – Жанболат, сойы – Рысбайұлы. Мамандығы – шаштараз. Өз ісінің маманы да, көпшіліктің адамы да бола білген кәсіпкер «ә» дегеннен жап-жаңа, замануи сұлулық салонын салып ала қойған жоқ. Әуелі алдына мақсат қойып, маңдай терін сыпыра сүртіп, көп ізденді. Бәсекеге толы нарық заманында көптің талғамын дөп басып, көңілін таба қою да оңай іс емес. Бірақ бала күнінен жаңашылдыққа жаны құмар Жанболат сызу, сурет салу өнеріне бейім болатын. Айналасындағы көрген дүниені өзінің ой елегіне салып, оған фантазиясын қоса кететін. Осылайша, қағаз бетіне көз алдыңдағы көріністі түрлендіріп түсіре қоятын. Содан болар жаңа дүниеге, сұлулық пен әсемдікке, кез келген дүниенің үйлесім табуына ерекше ден қоятын. Жанболаттың бойындағы осы талғампаздық кішігірім кәсібін бастаудың баспалдағы сынды.
Кент орталығына бара қалсаңыз атауы да ерекше сұлулық салоны назарға түседі. Маңдайшасына «Инь-Янь» деп атауын жарқырата ілген Ж.Әлиевтің жаңа жұмыс орны бұл. Бастапқыда Әл-Фараби көшесі бойында тек ерлердің шашын қиюмен айналысқан маман «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлік палатасының жәрдемімен қолға алған ісін жолға қоюды көздейді. 2017 жылы «Бастау» бизнес жобасы аясында ең алғашқылардың бірі болып 250 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржыға қол жеткізеді. Барды жеткізіп, жұмысты үйлестіре білген кәсіпкер бұл күні 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тек ерлерге ғана емес нәзік жандыларға қажетті қызметтің барлық түрі бар. Есіктен енгеннен жылы қабақ танытып, аңқылдап сөйлей жөнелетін маманның жұмысына тұтынушылар да дән риза.
– Еңбектенгеннің есебі түгел болатынын ата-анамыз құлаққа құйып өсірді. Кішкентайымнан жұмысты ауыр, не болмаса жеңіл деп бөлген емеспін. Сол секілді әрбір келген тұтынушының қалауын тыңдап, өзімнің идеямды қосып талғамына қарай шаш үлгісін қоюға тырысамын. Мұнда 3 маман ерлерге, 4 маман қыз-келіншектермен жұмыс жасайды. Келген адам шаршап емес, ерекше көңіл-күймен мотивация алып кеткенін қалаймын. Сондықтан бос уақытымда тың дүниелерді қарап, түрлі дизайндармен жұмыс жасаймын, – деді Ж.Әлиев.
Биыл 25 жасқа шыққан Жанболат Гүлбаршын Әлиевамен шаңырақ көтеріп, қазіргі таңда өз ісін отбасылық кәсіпке айналдырып отыр. Жары әйелдердің бетін әрлеп, шашын қиса, жолдасы ер адамдарға қызмет көрсетеді. «Қолы қимылдағанның қыр асатынын» аңғартқан жас отбасының тындырымды тірлігіне сүйсінбеске болмады. Ерінгеннен істің ебін таппай, еріккеннен балағына сүрініп жүргендер үшін осындай еңбекқор жандардың бары мотивация болары мағлұм. Сол себепті қаламымыздың ұшын кәсіпкер ісімен түйістірген едік.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ