Инженер қарт

Кез келген мамандықтың өзіне тән қызығы мен ауыр тұстары болады. Сондықтан, өз ісінің маманы атану көп еңбектеніп, ізденуді қажет етеді. Оған қоса, сол мамандыққа, кәсіпке деген адамның ерен ықыласы, сүйіспеншілігі болу керек. Екінің біріне өз ісінің маманы болудың бұйырмайтыны осындай қасиеттердің жетпей жататынынан шығар, бәлкім. Өз ісінің маманы да, көпшіліктің адамы да бола білген Әнуар Кенбаев 1975 жылға дейін туған ауылында еңбек етеді. Алған ісін тиянақтылықпен атқаратын Әнуар Кенбаевты басшылық 1975-76 жылдары «Қызыл Ту» қазіргі Ы.Жақаев атындағы колхозда басқарма бастығы қызметіне лайық санап, сол орынға отырғызады. Кешегі күні қоғамда қандай белсенді түрде нәтижелі болуын бағамдай отырып, назардан түсірмейтін осы кісінің бүгінде де сол қалпына селкеулік енгізбей, жігерлі күйінде жүргені, әрине, көпшілік үшін таңғаларлық жайт. Мұндай жандардың тұлғасы өзіндік бітім-болмысымен дараланып көрінері анық.
Адамның өмір жолы кей жағдайларда шырмаулы, шытырман жағдайларға толы болып келетінін біреу білсе, біреу біле бермейтін реті болады. Байболатұлы Әнуардың да балалықтан бүгінгі ақсақалдыққа дейінгі сан тараулы соқпақтарында қиындықтар мен күрмеуі қиын тұстар болмай қалған жоқ. Ең бастысы – оның қандай сәтте де сабырлылық танытып, қызбалыққа салынбайтындығы. Содан біліктілік пен білім алға озған кезеңдерде біз тілге тиек етіп отырған жан ескерусіз қалмады. Сөйтіп, 1976 жылдан 1991 жылдар аралығында аудандық ауыл шаруашылық басқармасында бас инженер қызметін атқара жүріп, інілеріне ізгілік пен ағаларына алғаусыз қарым-қатынаста бола білді. Білмегенді бетінен қақпай, білгеніне баули отырып, өзгелердің өзіне деген сый-құрметін олжалай алды. Ал, бұл дегеніңіз – еңбек майданындағы өлшеусіз дәреже болатын. Мұнан соң 1991-93 жылдары №1 автобаза директоры қызметін атқарып, бүгінде зейнеттегі күміс сақалды, аузы баталы қарттардың қатарында. Ел, жас ұрпақ, қоғам үшін жасаған өлшеусіз еңбегі ескерілді де. Өз кезегінде Ә.Кенбаев «Құрмет белгісі» орденінің және бірнеше медальдардың иегері болды.
Әнуар Кенбевтың асыл ғұмырлы өмір-өзені ұрпақтар сабақтастығымен жалғасып келеді. Түсінгеніміздей, өз балаларының ортасында орны бөлек қарт инженерді бүгінгі орта, кезінде қызметтес болған дос-жарандары, қатарлары ерекше бағалап, құрметтейді. Міне, осылайша, жазылып қойған кітапқа пара-пар қарттың әңгімелерінен түйгеніміз аз болмады. Төрт ұл бір қызынан көрген немерелеріне тәлім мен тәрбие беріп, бойларына адами қасиет пен өмір сабақтарын сіңіріп отырған жайына қанық болдық. Тәуелсіз еліміздің тұғырлы болуына абзал ағаның әлі де болса қосар үлесі, атқарар істері баршылық деп білеміз. Сонымен, сексеннің салиқалы сипаты біздің де көңілімізге қонақтағандай болды...
Дина Жүсіпова.
ҚР Журналистер одағының мүшесі.