Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бейғам болмаңыз

Бейғам болмаңыз

Дүниежүзіне дендеп кеткен індетке қарсы сақтық шараларына тоқтау болмады. Тиісінше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев карантинді тағы 2 аптаға созғаны мәлім. Барша қазақстандық бұл қадамға амалсыз барып отырғанын ұғыну керек. Әсіресе, бұқараның денсаулығын сақтап, вирус­ты одан әрі үдетпеу үшін мұндай шаралар қажет-ақ.
Жасыратыны жоқ, наурыз айында енгізілген Төтенше жағдай режимін алып тастап, карантиндік шараларды біршама жеңілдеткеннен кейін көпшілігіміз сақтық шараларын естен шығарып алдық. Бұл – проблеманың бір әттеген-айы. Өзге емес, өзіміздің денсаулығымызды бәледен сақтауға келгенде біраз бейғамдық танытып, белгіленген ара қашықтықты сақтауды, бетперде тағып, антисептик себуді ұмыттық. Осының салдарынан індеттің одан әрі өршуіне есікті айқара аштық. Тіпті хал үстінде жатқандар саны азаймай тұр. Ауруханалар аузы-мұрнына дейін толып, науқастарға орын да жетпей жатқанын көз көріп, құлақ естіп жүрді. Дәрі-дәрмектің тапшылығын да өткердік.
Шиелі ауданы әкімдігі жанынан карантиндік тәртіптің сақталуын қадағалайтын 3 мобильдік топ жұмыс істейді. Топ мүшелерінің жүйелі жұмыстарын білу мақсатында аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне хабарластық. Олар бүгінгі күні ауданда 1850 нысанды аралап үлгерген. Және карантин талаптарын бұзған 23 тұлғаға 30 МРП көлемінде айыппұл салынғандығын жеткізді. Олардың қатарында 2 компьютерлік клуб, 5 жолаушы тасымалы, 6 дүкен мен шаштараз, көлік жуу орны, 4 қоғамдық тамақтану орны бар.
Бұл вирус ешкімді таңдамады. Яғни, лауазымға, байлыққа және билікке, жасқа, кәріге, әлеуметтік жағдайға қарамады. Керек десеңіз, жаңадан туған нәрестелер арасында да коронавируспен ауырған оқиғаны кезіктіруге болады. Сондықтан халықтың денсаулығын сақтап қалу үшін карантин талаптарын толық орындаудың маңызын түсінуіміз керек. Бұл – көрінбейтін індетпен күресу бәріміздің борышымыз. Сол үшін сақтық шараларын толық орындап, босаңсымау керек.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
11 тамыз 2020 ж. 453 0