ЕЛ БІРЛІГІ – ЕҢ АСЫЛ ҚАСИЕТ
ШИЕЛІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ МҮБАРАКОВ ҚАМБАРБЕК АМАНГЕЛДІҰЛЫНЫҢ
АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫНА ҮНДЕУІ
АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫНА ҮНДЕУІ
Құрметті аудан тұрғындары!
Елдік те ерлік сияқты сын сағатта танылады.
Өздеріңіз білесіздер, әлем жұртшылығын жұқпалы дерт алаңдатып отыр. Вирус жер шарындағы 155-тен астам мемлекеттің, соның ішінде Қазақстанның да аумағына таралуда.
Жұқтырған адамдар санының артуына байланысты Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылдың 16 наурызынан бастап 30 тәулікке төтенше жағдай енгізілгені белгілі.
Төтенше жағдайдың жариялануы – маңызды және қажетті қадам. Ондағы мақсат – біздің азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүддесін қорғау.
Қазіргі таңда әрбір тұлға елдің қауіпсіздігі үшін жасалып отырған сақтық шараларын сақтаудың маңызына мән беруі тиіс.
Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабында жауаптылық көзделген. Ол үшін 15 тәулікке дейін әкімшілік қамақ түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.
Өкінішке қарай, аудан тұрғындары бұл жағдайға аса мән бермей, әлі күнге дейін жауапкершілікті сезінбеуде.
2020 жылғы 27 наурызда түнгі 23:00 шамасында Шиелі кентінің тұрғыны компьютер клубының жұмыс жасауына жол берген. Сол сияқты ауданымыздың тағы 2 тұрғыны беташар тойын ұйымдастырған.
Бұл үш азаматқа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабымен әкімшілік істер қозғалып, сот қаулысымен 10 тәулікке қамаққа алынды.
Дана халқымыз ежелден «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», – деп денсаулыққа ерекше мән берген еді. Қазіргідей қиын жағдайда баршамыз жұқпалы дертке жұтылмас үшін, келешегіміз үшін жауапкершілікті күшейтуіміз қажет! Көкірегі ояу, көзі ашық әрбір азамат ел ішінде алып-қашпа сөздің өршуіне емес, көңілде сенім орнауына күш жұмсау керек. Өміріміз өз қолымызда. Сақтық шаралары басты назарда болуы қажет! Әрбір адам жеке бас саулығына өзі жауапты. Қарапайым қағидалармен өзіңіз бен жақындарыңыздың өмірін сақтай аласыздар! Сондықтан да Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен гигиеналық шараларды мүлтіксіз сақтауға тырысыңыздар!
Сондай-ақ осы індетке байланысты халықты дүрліктіріп, арандататын әрекеттер жасап жүрген тұлғалар да бар.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 274-бабының 4-бөлігінде төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратқаны үшін 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Бүгінгі күні облыс көлемінде осындай 6 дерек тіркелген.
Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Шиелі тұрғындарын мұндай әрекеттерге бармауға және төтенше жағдай режимі кезінде белгіленген шектеулерді сақтауға шақырамын!
Қазіргі таңда Қызылорда облысында COVID-19 коронавирустық инфекцияның 5 жағдайы тіркелді.
Ауданымызда алдын алу шаралары мейлінше күшейтіледі.
Ағымдағы жылдың 16 наурызынан бастап ауданымыздағы кәсіпкерлік, әлеуметтік нысандарда және тұрғындар мен халық көп шоғырланатын орындарда түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Коронавирустың алдын алу, халық арасында сақтық шаралары мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік желілерде, жергілікті БАҚ құралдарында ақпараттық материалдар кеңінен таратылуда.
Қазіргі таңда орталық дәріханалардың көпшілігінде медициналық маскалар жеткілікті. Еріктілер тобы да өз үлестерін қосуда. Күнделікті пайдаланатын азық-түліктің бағасы бақылауда. Әлеуметтік қорғалмаған отбасыларына қайырымдылық көмек ұйымдастырылуда.
Қадірлі жерлестер!
Қазіргі қиындықты еңсеруде бізге бірлік қажет! Алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер мен медбикелерді, құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлерді қолдайық! Той-томалақты тоқтатайық! Қатаң тәртіп пен ортақ іске жұмыла білу біздің вирусқа төтеп берудегі басты қаруымыз болуы тиіс.
Індеттің таралуын алдын-алуда зор жауапкершілік танытып, енгізілген шектеулерді қатаң сақтауға шақырамын!
Бұл – баршамызға ортақ міндет!
Ынтымақ пен бірліктің арқасында бұл ауыртпалықты да жеңеміз! Осы қиын сынақты да ел болып еңсереміз! Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын!