Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЛИМЕНТ ҚАРЫЗ ЕМЕС – ПАРЫЗ

АЛИМЕНТ ҚАРЫЗ ЕМЕС – ПАРЫЗ


Бала тәрбиесі – әке мен ананың ортақ міндеті. Өкінішке орай неке бұзу жағдайларының көбеюінен сәбилер зардап шегуде. Ерлі-зайыптылар жараспай, ойлары мен мақсаттарының бір арнаға толыспауына бауыр еті балалары кінәлі емес. Ана қолында қалған сәбиге әкесі моральдық-материалдық көмек беруі тиіс. Осы ретте балалардың құқықтары, оның ішінде алименттің төлену жағдайы прокуратураның басты назарында.
Аудандық прокуратураның бастамасымен алимент бойынша орындалуы қиындық тудыратын атқарушылық құжаттардың толық тізімі жасақталып, орындалмаған әрбір атқарушылық құжат бойынша жеке-жеке борышкерлермен жұмыстар жүргізілуде. Сот орындаушылардың өндірісіндегі атқару құжаттарын зерделеу барысында 78 борышкердің жұмыс орындарына атқару парақтарының жолданбағаны, 40 мүліктеріне тыйым салынбағаны, 84 борышкерге республика аумағынан шығуға тыйым салынбағаны, 54 борышкер бойынша арнайы құқықтардың қолданылуын уақытша тоқтату шаралары ұйымдастырылмағаны анықталды. Бұл әрекетсіздіктерге қатысты Қызылорда облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына заңдылықты бұзушылықтарды жою жөнінде ұсыну енгізілді. Бүгінгі күні аудан көлемінде сот орындаушыларының өндірісінде жұмыссыз 135 борышкер бар. Берешекті төлей алмай жүрген әкелердің басым бөлігі – жұмыссыздар. Осыған орай, аудандық прокуратурамен борышкерлерді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөнінде әкімдікке хат жолданды. Жұмысқа орналастыру шаралары жүргізілуде.
Дегенмен табыс көзі бола тұра әртүрлі себептерді алға тартып, қасақана алимент төлеуден жалтарып жүрген әкелер де жоқ емес. Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабында әкімшілік және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 139-бабында қылмыстық жауаптылық көзделген.
Алиментті төлеуден жалтарған әрбір тұлға заңмен реттелген тәртіпте жауаптылыққа тартылатын болады.


Шиелі ауданының
прокуратурасы
04 желтоқсан 2019 ж. 957 0