Алимент төлеу – парыз
Елде алимент төлеуден жалтарып, бауыр еті баласынан бас тартып жүрген жандар баршылық. Олардың саны соңғы бесжылдықта артпаса, азаймай тұр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, республика бойынша 230 мың баланың алдында 5 млрд теңгеден аса алимент қарызы өтелмеген.Бұл түйткілді мәселе Шиелі ауданында айналып өткен жоқ. Керісінше, отбасын бұзып, ат тонын ала қашатын бөріктілер соңғы уақытта көбейген. Мәселен, аудан бойынша алимент төлейтін 723 азамат бар. олар 2 136 баланың алдында 291 млн теңге алимент қарыз.
Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттік жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында бала жауапкершілігінен қашып, алименттен бас тартатын ата-аналарға жаза қолдану керектігін айтып, «Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті. Ал болған іс болды екен, онда әке алимент төлеуге тиіс. Мемлекет жалғызбасты аналарды қолдауды және алимент төлемегені үшін жазаны күшейтуі керек» деген еді. Демек, алименттен қашып, өз баласынан бас тартқан әкенің де, ананың да жазаланатыны анық.
Бұл мәселемен аудандық прокуратура тұрaқты түрде aйнaлысудa. Жуырда ғана аудандық полиция бөлімі және жеке сот орындаушыларымен бірлескен рейд ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының неке және отбасы кодексінің 20-бабында да ата-аналар кәмелетке толмаған балалар үшін алименттерді төлеу туралы келісім жасауға құқылы делінген. Ал осы кодекстің 6 бабында балаға алимент ретінде тиісті сома, баланы асырауға, біліміне және тәрбиесіне шығындалады делінген.
Ислам дінінде де отбасыға, бала құқығына өте қатты мән берген. Жауапкершіліктің бәрін ажырасқан әйеліне артып қою – мұсылман еркекке жат қылық. Діни тұрғыда әке өз балалары үшін ақыретте Алланың алдында есеп бермек. Сонда қазір алимент төлемей қашып жүрген әкелер бұл дүниеде заң алдында, ал ақыретте Алланың алдында жауапты болмақ. Әрбір ата-анаға балалары аманат болып саналады.
«Торғай жауын жауса – балапанын қорғайды, бұршақ жауса – өз басын қорғайды» демекші, қажет кезде баласына қамқорлық көрсете алмай, қара басының қамын күйттеп кететін шарасыздық қазақ азаматтарының да басына туғандай. Десе де, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Біздікі әкелер жауапкершіліктен қашпаса екен деген ой ғана.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ