Дәрі-дәрмек бағасы бақылауда болады

Брифинг барысында Гүлшара Наушанқызы өңірде дерттің дендеп бара жатқанын айтып, халықты сақтық шараларына мейлінше құлақ асуға шақырды. Сондай-ақ індеттің алдын алу шаралары мен аймақтағы дәрі тапшылығана қатысты туындаған сауалдарға нақты жауап беріп, аталған мәселенің қазірдің өзінде шешімін тапқанын айтты. Мәселен, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес короновирус індетімен күресу мақсатында өңірде инфекциялық және провизорлық төсек-орындарын көбейтілген. Бұған дейін өңірімізде инфекциялық стационарда 515, провизорлық стационарда 1730 төсек-орындары болса, қазіргі таңда облыстық фтизиопульмонология орталығы базасында қосымша 120 орынға инфекциялық және Шалқия елді мекенінде 30 орындық провизорлық стационар ашу жұмыстары жүзеге асырылған.
Сонымен қатар жасанды өкпені желдету аппараты мен оттегінің жетіспеушілігі мәселесі де шешімін табуда. Облыстық көпбейінді аурухана жанынан оттегі өндіретін цех салу жұмыстары қолға алынып, облыстық бюджеттен 80 млн теңге қаржы бөлінген. Өңірдегі 76 жасанды өкпені желдету аппаратына маусым айында 20 портативті аппараты алынып, қосымша 63-не тағы да өтінім берілген. Одан бөлек, осы аппараттарды алуға жергілікті кәсіпкерлер қолдау білдіруде.
Бүгінгі күні өзекті болып тұрған дәрі-дәрмектің тапшылығы, бағасының тұрақтылығы да облыс басшыларының басты назарында. Аймақта 3 айға жеткілікті дәрілер 1 аптада өтіп кетіп, қажетті ем алушыларға жетіспеушілік туындап жатқаны баршаға аян. Бұл ретте дәріханалармен дәрілік заттарды күнделікті қажеттілікке және халықтың сұранысына қарай тапсырыс берілуде. Ал облыстық медициналық стационарларға СК «Фармация» тарапынан 45 күнге жетерлік дәрі-дәрмек қоры жасақталған.
Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес барлық мүдделі мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп мониторингтік топ құрылған. Сондай-ақ қала, аудан әкімдіктері және «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы жанынан құрылған арнайы мониторингтік топтар дәрі-дәрмек бағасы мен көлеміне қатаң бақылау жұмыстарын жүргізетін болады. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында 7 452 дәрілік заттың атауы тіркелген. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен 6191 дәрілік заттың атауына шекті бөлшек сауда бағалары белгіленген. Жалпы дәрі-дәрмектің шекті бөлшек бағалары туралы толық ақпаратты «DARI.KZ» қосымшасынан көруге болады.
«Өскен өңір» ақпарат