Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БҰҰ сайтында қазақ дәрігері туралы мақала жарияланды

БҰҰ сайтында қазақ дәрігері туралы мақала жарияланды

BAQ.KZ. Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми ақпараттық ресурсындағы мақала қазақстандық акушер-гинеколог Алтынай Қарағойшиеваға арналған.

Алтынай Қарағойшиева Алматыдағы перзентханалардың бірінде акушер-гинеколог болып қызмет етеді. Өз қызметіне қашанда үлкен жауапкершілікпен қарайтын ол бүгінде тек босанатын әйелдер мен нәрестелер үшін ғана емес, сондай-ақ, өз отбасының да вирус жұқтырып алмауына тікелей жауапты деп жазады "БҰҰ жаңалықтары" сайты.

15 жылдан бері Алматыдағы №1 қалалық перзентхананың босандыру бөлімінде акушер-гинеколог болып жұмыс істейтін Алтынай оның перзентханасы COVID-19 инфекциясына күдігі бар босанатын әйелдерді оқшаулау үшін таңдалған кезде өз қызметінде қалуға ойланбастан шешім қабылдаған.

Қазақстандағы COVID-19 вирусының алғашқы жағдайлары осы жылдың наурыз айында Нұр-Сұлтан мен Алматыда анықталды. Билік елде індет анықталған алғашқы күндері ДДСҰ қолдауымен пандемия жағдайында медицина қызметкерлерін жұмысқа дайындау бойынша оқу курстарын ұйымдастырды. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының жұқпалы аурулар бойынша мамандары Алтынай жұмыс істейтін перзентхана қызметкерлерін жаңа инфекциядан қорғау әдістеріне және COVID-19 инфекциясы бар адамдарға көмек көрсету бағытында білгендерін үйретті.

Алтынай Қарағойшиева COVID-19 диагнозы бар алғашқы пациенттерді қалай қабылдап алғанын еске алды.

Келесі күні таңғы алтыдан бастап бізге COVID-19 диагнозы расталған адамдармен тығыз байланыста болған әйелдер келіп түсе бастады. Екі күннен кейін карантиндегі жүкті әйелдер келді - олардың көпшілігінде коронавирус сынағы оң нәтиже көрсеткен еді. Бұл күні мен төрт әйелді босандырып алдым: үшеуі сәбилерін табиғи жолмен әкелді, біреуіне кесарь тілігін жасауға тура келді. Бұл әйелдердің барлығында COVID-19 расталған болатын, - дейді ол.

Алтынайдың айтуынша, пандемия баланың дүниеге келуіне қатысты шексіз бақыт пен қуанышқа тұсау бола қойған жоқ, бірақ ол босанатын әйелдерге көмек көрсету процесін едәуір қиындатқан. Мысалы, бүгінде медбикелер саны айтарлықтай қысқарғандықтан, оларға босанатын әйелдерге эмоциялық қолдау көрсетуге уақыт жетпейді.

Мен перзентханада инфекция жұқтырған пациенттермен жұмыс істеуден қорықпаймын, бірақ отбасым және балаларым үшін алаңдаймын. Ана мен жаңа туған сәбидің өзін жақсы сезінгенін көргенде, мен де ішкі уайымымды тыйып, қызметіме қайта кірісемін, - дейді ол.
Барлық дәрігер қауымы сияқты Алтынайға да 24 сағат бойы қорғаныс костюмімен және маскамен жұмыс істеуге тура келеді, бұл - оңай емес.

Кейде маскалар мен респираторларды үнемі таққаннан бет-әлпетімізде көгеру мен қызару пайда болады, ал кейбір әріптесімнің маска немесе респиратор жасалған материалға аллергиясы бар. Оның үстіне масканы үнемі ауыстырып отыру керек, себебі олар ылғалданып кетеді. Бұл бүкіл әлемдегі медицина қызметкерлері үшін қиын кезең, сонымен қатар, біз барлымызға ортақ проблемамен бетпе-бет келдік, - дейді дәрігер.

Алтынай перзентханада жұмыс істегенін мақтан тұтады.

Мен өте төзімді адам екенмін. Қиындықтарды еңсерген сайын, менің жұмысқа деген ынтам ашыла түседі. Бұл - оңай жұмыс емес, бірақ анасы сәбиін кеудесіне қысып, сізге алғыс айтқанда, барлығы ұмытылады, - деп ағынан жарылды ол.
23 шілде 2020 ж. 303 0