Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбекпен тапқан нан тәтті

Еңбекпен тапқан нан тәтті

Данышпан Абай атамыз «Жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» демей ме бір өлеңінде? Иә, азан-қазан қайнап жатқан тіршілікте әр адам тынымсыз еңбек етеді, шама-шарқы жеткенше адал нәпақасын тауып, отбасын асырайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та «Әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтары виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады. Демек қарапайым еңбек адамдары кез келген қиыншылықтарды өз еңбегінің арқасында ғана еңсере алатыны сөзсіз» деп еңбектің адам өміріндегі маңызын жақсылап түсіндірген болатын.
Қаршадайынан еңбекке араласып, адал тапқан нанның тәтті болатынын түсінген бүгінгі біздің кейіпкеріміз де қолы қалт етсе, бос жатуды жаны сүймей, еңбекті жанына серік еткен жан. Ол – жасы алпыс­ты алқымдаған Алғабас ауылының тұрғыны Айтмұхамед Ысқақов. 15 жылдан бері жүргізуші болып қызмет атқарады. Жұмысынан тыс Алғабас ауылы мен аудан орталығының арасында жолаушылар тасымалымен де айналысады.
– «Ер еңбегімен сыйлы» демей ме? Әр азамат отбасының жауапкершілігін өз мойнына алуы керек. Сонда ол отбасындағы ақшада береке болады. Өкінішке қарай, қоғамда дені сау, мүмкіндігі бола отырып, жұмыс істемейтін жандар бар. Ол дұрыс емес. Ал енді өзімнің жұмысыма тоқталатын болсам, кішкене кезімнен көлік тізгіндеген ұнайтын. Содан болса керек, шаршау мен шалдығуды білмей, ГРП-23 мекемесінде табан аудармастан 15 жыл жүргізуші болып еңбек етіп келемін. Одан бөлек қосымша такси қызметімен айналысамын. Иә, әр істің өзіндік қиындығы болады. Мысалы, таңертеннен кеш қарайғанша аптап ыстық пен аязды боранда көлік жүргізу қиынға соғады. Сондай сәттерде шыдамдылық, сабырлық танытуға тура келеді, – деп ағынан жарылды ол.
Айта кетейік, А.Рахымбекұлы жұбайы Гүлнәр Сейдахметқызы екеуі 5 ұл-қыз тәрбиелеп, 15 немере сүйіп отырған ардақты ата. Өмірлік тәжірибесі бар жан ұрпақ тәрбиесі туралы да айта кетті.
– «Бір жылдығын ойлаған дән егеді, Он жылдығын ойлаған тал егеді, Мың жылдығын ойлаған ұрпағына білім нәрін егеді» деген екен қазақ атамыз. Кез келген істе төккен тер жауапсыз, нәтижесіз қалмайды. Бастысы адал істей білу керек, ол абыройға бөлейді. Мен балаларыма осыны үнемі айтып отырамын. Өйткені, адал еңбек ешқашан құндылығын жоймайды. Мен үшін ең бастысы ұрпағының ұлағатты болуы, – дейді жүргізуші.
Иә, кейіпкерімізбен тілдесу арқылы ерінбей еңбек еткен мен жалықпай техника меңгерген адамның жерде қалмайтынына көзіміз жетті. Әсіресе, қазіргі бәсекелестік өрістеген шақта еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгерген жөн. Бүгінгі біз мақалаға арқау еткен жүргізуші мамандығы да заманмен бітеқайнасып, маңызын жоймайды.

Фариза КЕНЖЕШОВА
21 шілде 2020 ж. 2 253 0