Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазан шегелейтін күн де келер

Қазан шегелейтін күн де келер

Қазақ болмысында бабадан жетіп, қанға сіңген қасиет бар. Ғасырлар бойын халықтың дүниетанымы, ұлттық болмысымен біте қайнасып, қағаз бетіне түспегенімен ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып берілетін дәстүрлер кейде шырқау шыңына жетеді. Ал кей тұста сырттан енген кері әсерлерден құндылығының байыбына жетпеген соң көмескіленеді. Соңында ізгілік жатқан ол ғұрыптарды танудан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз хақ.
Әлемге тәжтажал таралғалы бар тірліктің онлайнға көшкеніне бой да үйреніп қалған сықылды. Әсіресе, бір-біріне барып, шүйіркелесіп әңгіме айтып әрі араласып-құраласудан тыйылған халықтың бар күзеткені әлеуметтік желілер болды. Ағайын-туыспен уатсаппен тілдестік, аман-саулығымызды, бет-жүзімізді көріп, шай-суын ішуден қағылдық. Бұл әрине, пандемияның салдары. Ойлаңызшы, күндердің бір күнінде оқшаулану, карантин бәрі-бәрі де аяқталды, үйлеріңізден шығуға болады деді. Сіз сонда алдымен не істер едіңіз? Иә, бұл сауалға әркім әрқалай жауап қатады.
Бірақ ең алдымен баршамыздың «қазан шегелеп қайтатынымыз» анық. Біле білсеңіз, халқымызда бір-бірімен парыз-қарызсыз араласудың түрі көп. Соның бірі – қазан шегелеу дәстүрі. Қазан шегелегенде бірнеше адам қалаған туысының үйіне айтпастан барып, сол шаңырақтың әбдіреде қалған етін астыртып, барымен базар жасап, көңілді отырыс өткізеді. Ән айтылады. Түрлі әңгіменің басы қайырылып, ежіл-ғожыл басқосу болады. Бұл көңіл жақын жандардың араластықты үзбеу амалы. Дайындықсыз, айтпастан барып үй иелеріне күш түсірмей араласудың әдемі түрі. Қазан шегелеудің жеңілдігі сондай, барған адам сол үйдің ықылас-мейіріммен берген қара суы болса да разы болады.
Қазақ дәстүрлерінің түбіріне үңілсеңіз, барлығында дерлік сыйластықты, қадірлестікті арттыру, туысқандық сезімдерді бекіте түсу сынды аса ізгі, игілікті ниет жатады.
Қазақтық қалыптың бітім-болмысы ғасырлар көшінде жүрісінен жаңылмады. Кейде заманға лайықталып түрленіп те жатты. Бірақ түпкі негізінде сол парыз-қарызсыз араласу, жақындық көңілмен бір-бірін бағалау жатты. Қазір әлемді жаулаған пандемия артта қалып, бұл басқа түскен жайтты да өткереріміз хақ. Иә, бұйырса, қазан шегелейтін күн де келер.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
14 шілде 2020 ж. 823 0