Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі

КИЕ

Айнала тылсым дүниеге толы. Түсініксіз сенбейтін, бірақ сендіретін құбылыстар жауапсыз қалуда. Соның бірі – кие. Кие атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін қасиет. Киелі шөп – адыраспан, киелі құс – аққу, киелі аң – ақбөкен деп киелілер тізбегі кете береді. Егер атадан келе жатқан киені ешкім ұстамаса, ол ұрпақтарын қайғылы жағдайға, ауруға ұрындыруы мүмкін. Бұл қандай күш, қандай құдірет? Жалпы кие деген не? Қасиет пе, әлде құндылық жасырылған тылсым ба?
  Ойда жоқта белгісіз ауруға шалдығып, науқасынан айыға алмай емші аралағанда «арғы тегінде қасиет қонған аталарың болған екен, енді бата алып, емшілік жолға түспесе болмайды» дегеннен соң бата алып науқасынан құлан таза айыққандарды дп көріп жүрміз. Қасиет қонған адам дүниеден озып, артында жолын ешкім жалғастырмаса, онда оның киесі ұрпағының бірінен-біріне барып, әртүрлі қайғылы оқиға мен ауруға душар етіп жататыны тағы бар.
  Отбасы мүшелері қайғылы жағдайларға тап болғанда үйді бәле-жаладан тазарту үшін «адыраспанмен» аластайды. Түтінін тұтатқан соң-ақ үй ішінің жеңілденгенін сезінесің. Киелілік қасиет жануарларда да кездеседі. «Аққуды атпа, киесі тиеді» немесе «ақбөкенді өлтірме киесі қағады» деген ырым-тыйымдар күнделікті өмірде де айтылады. Десе де, біле тұра сол қадамға баратын адамдар да жоқ емес. Бала күнімізде осындай әңгімені әжемізден жиі естіп отыратын едік. Соның бірнешеуін газет бетіне ұсынбақпыз.
Аққудың киесі
Ертеректе айрандай ұйыған отбасы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүреді. Жанашыр, бауырмал, бір-біріне қамқоршы он бір ағайынды бой жазып сергімекке далаға саяхатқа шығады. Кеш ойдағыдай көңілді, қызыққа толы болғанымен олар алда не күтіп тұрғанынан бейхабар еді. Күн бата отырыс қыза түсіп, ішімдікке сылқия тойған бауырлар көлде жүрген аққуды атпаққа бел буады. Атады да. Атып қана қоймай етін бөлісіп жейді. Арада біраз уақыт өтеді. Сол уақыттарда бірлікке толы отбасына сызат түседі. Қалай? Ең алдымен үлкен ағалары дүниеден озады. Артынша келіншегі. Балалы болғандарының ұрпағы аурушаң немесе кейбірі қайтыс болады. Арттарынан дені сау ұрпақ өрбімейді. Иә, қасіреттің ең жаманы да осы – ұрпағыңның болмауы.
Атадан балаға қонған қасиет
Жаз мезгілі еді. Ол кездері ауылда жарық онша-мұнша көп бола бермейді. Білте шамның жарығымен сабақ оқитынбыз. Бір күні түн жарымда кітап оқып отырғанмын. Бірнеше минутқа көзім ілініп кетіпті. Оянсам бөлмеде майда-шүйде жарықтар күн нұрындай жарқырап тұр. Қабырғаның арғы бетінен ақ киген үлкен кісі өтіп, маған қарай келді. Басымды сипап «Оқуыңды оқы, айналайын», – деп көзден ғайып болды.
  Кейін артымнан ерген сіңлілерім бірінен соң бірі ауыра бастады. Ең кенжесі басқаларынан өзгеше күйге түсті. Өзгере бастады. Түнімен ұйықтамай, шошынатынды шығарды. Қорыққанымыздан мешітке апарып, емшілерді араладық. Ақыр соңында бір емші «сендердің аталарыңда қасиет болған екен, сол қасиет біреуіңе қона алмай жүр. Қасиетті ұстау керек, сонда ғана ауырмайсыңдар» – деп шығарып салды. Уақыт өте келе сол қасиет кіші сіңліме қонды. Әлі күнге дейін сол қасиетті берік ұстап жүр. Егер ұстамаса қайтадан ауырып, жаны қиналады.
  Иә, қалай болғанда да бір тылсым күштің бары айқын. Бірақ, қарама-қайшы пікірлер де аз емес. Сенгіміз келмейді-ау, бірақ естіп-көрген оқиғаларымыз ше? Ойдан шыққан қиял ма, әлде тылсым күш бар ма?

Айнұр ӘЛИ,
Қармақшы ауданы
16 мамыр 2018 ж. 1 291 0

Қоғам

ҒАСЫРҒА ИЕК АРТҚАН БАСЫЛЫМ
03 желтоқсан 2024 ж. 42

Толағайлар тартысы

03 желтоқсан 2024 ж.

ОЛЖАЛЫ БОЛУ ОҢАЙ МА?

03 желтоқсан 2024 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

29 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031