Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кие- тылсым дүние

Кие- тылсым дүние

Тіршілікте адам түсінбейтін тылсым дүние көп. Сондай дүниенің бірі – кие. Кие ұрпақтан-ұрпаққа берілетін қасиет. Егер атадан келе жатқан киені ешкім ұстамаса, ол ұрпақтарын қайғылы жағдайға, ауруға ұрындыруы ықтимал. Ондайға көпшілігіміз куә болып та жүрміз.

Аяқ астынан белгісіз бір ауруға шалдығып, науқасынан айықпай қойған адамдарға емшілер «арғы тегінде қасиет қонған аталары болған екен, енді бата алып, емшілік жолға түспесе болмайды» деген соң бата алып науқасынан айғып кетіп жатқандарды көз көріп жүр. Сондай-ақ, қасиет қонған адам қайтыс болып, оның жолын ешкім жалғастырмаса, онда оның киесі артында қалған ұрпағының бірінен-біріне барып, әртүрлі қайғылы жағдайларға, ауруға душар етіп жататыны жайлы да есітіп жүрміз. Осындай әңгімені Ақтөбеден Алматыға келе жатып, пойызда қасымдағы жолаушы серіктерімнен естідім. Пойызда естіген әңгімені «Алаш айнасы»газетіне жолдауды ұйғардым.

Әкенің киесі

Пойызда отырып, танысып алған соң «жол қысқарсын» деп әңгіме айту жолаушылардың әдеті. Әр кез солай. Бұл жолы да солай болды. Ұзақтан көрінген бейітке бет сипасқан соң әңгіме әуені киелі адамдарға ауысты. Қызылордаға жетпей, пойызға мінген, жас шамасы 50-ге аяқ басқан жігіт ағасы Шерім әңгімесін «нағашы атамыз үлкен молда болған кісі екен» деп бастады. Шерімнің айтуынша, нағашы атасы ұзақ жылдар Бұхарда, Хиуада, Қоқанда ескіше оқыған, діни сауаты мықты кісі болған екен. Қарилығымен, молдалығымен, қасиетімен аймаққа аты шаққан. Кезінде дәрігерлер көмектесе алмаған небір науқастарды оқып, ауруынан айықтырған көрінеді. Алайда, ол кісі қайтыс болған соң артында қалған төрт ұлы мен үш қызының бірі де бата алып, әке жолын жалғастырмаған. Әкесінің көзі тірісінде дінге бет бұрып жүрген үлкен ұлы да, кейін Алланы ұмытып, арақ ішуге әуестенген. Әкесі дүние салған соң балаларының бірінен соң бірі әртүрлі жағдайға душар бола бастаған. Қайғы алдымен үлкен ұлына кез болған. Ол дәнекерлеу жұмысын жүргізіп жатқан жұмыскерлердің қасынан өтіп бара жатқанда, кислород балоны жарылып, бет-ауызын күйік шалып, бір қолын темір жұлып кетіп, мүгедек болып қалған. Артынша, Шерімнің екінші нағашысы да құрылыс маңынан өтіп бара жатып басына жоғарыдан кірпіш құлап, жарымжан болып қалады. Ал үшінші ұл араққа салынып, отбасымен ажырасып, қаңқыбас болып кетеді. Төртінші ұлды да тосын жағдай күтіп тұрған екен. Байқаусызда аяғына кірген ескі шеге оған сор болып жабысқан. Арадан бір жыл өткенде шегенің кірген орны ауыра бастаған. Алайда ауыруды елемей тағы біраз уақыт жүрген. Аяғын баса алмай қалған соң дәрігерге барған. Дәрігер аяқта гангрена басталғанын айтқан. Содан бір аяғын алдымен тобыққа, одан тізеге, одан жамбасқа дейін кеседі. Алайда, гангренаны тоқтатуға дәрігерлердің шамасы келмей, кіші ұл бақилық болады.

Қыздардың да тіршілігінің тұшымы болмаған көрінеді. Шерімнің айтуынша, қыздың үлкені – оның анасы. Шерімнің анасы әкесінің жылын өткізіп келе жатқанда жол-көлік апатына ұшырайды. Алла сақтап аман қалғанымен, жамбас сүйегі сынып, 4-5 ай төсек тартып жатқан. Арадан 7-8 жыл өткенде жамбас сүйегі қайта мазалап, мүлде жүре алмай, төсекке таңылған. Екінші қызды да сәтсіздік айналып өтпепті. Төрт бала тәрбиелеп өсіріп жатқан тату отбасында, қасиетті әке қайтыс болған соң ұрыс-керіс көбейген. Ақыр-соңында Шерімнің нағашы апайы отбасымен ажырасқан. Сәтсіздік ол отбасына жалғыз келмепті. Отбасымен ажырасқан соң нағашы апайы ішімдікке бой алдырған көрінеді. Ол аз болғандай, бір ұлы есірткіге елітіпті. Кенже қызды да әкенің киесі жібермепті. Әкесі қайтыс болғанда 19-ға жаңа толған жас бойжеткен, жеңіл жүріске ұрынған. Ойнап жүріп от басып, оң жақта отырып бала тапқан. Кейіннен әйелімен ажырасқан бір жігітке тұрмысқа шығады. Алайда, Шерімнің айтуынша, әлі күнге дейін жылына екі-үш рет ажырасып, қайта қосылуымен келеді екен.

Бата алып, ауруынан айыққан
Шерімнің әңгімесінен кейін сөз кезегін пойызға Шымкенттен отырған Өсербай алды. Айтуына қарағанда, Өсербайдың нағашы атасы мен нағашы әжесі қасиет қонған жандар болған. Сол қасиет оның анасына дарыған. Сол қасиеттің арқасында оның анасы ауыл-аймаққа танымал халық емшісі атанған. Ол кісі әйел кісілерді, жас балаларды емдеген екен, сонымен қоса, сынықшылық қасиеті де болған. 80-жылдардың соңында Өсербайдың анасы қайтыс болады. Одан кейін емшілік қасиет үлкен нағашысына ауысқан. Сол кезге дейін дінді мойындамай келген 60-тан асқан үлкен нағашысы, бір жылда араб тілін үйреніп, құранды оқи алатын дәрежеге жеткен. Дінге бет бұрып, ауыл молдасы атанады. 10 жылдай ауылда молда болған нағашысы 70-тен асқан шағында дүние салған. Одан кейін емшілік жолын ешкім ұстанбаған. Сол кезден бастан анасымен бірге туған кіші бауыры мен екі сіңлісінің денсаулығы сыр бере бастайды. Алдымен Өсербайдың кіші нағашысы мен кіші нағашы апайы су қараңғы болып, аяқ астын көрмей қалады. Ал екінші нағашы апайы көтеріліп ауырады. Бас-аяғы 5 жылда екі қыз, бір ұлынан айырылады. Үлкен қызын күйеуі ұрып өлтіреді. Үлкен ұлы аяқ асты науқасқа ұшырап қайтыс болады. Тағы бір қызын көлік қағып, құрсақтағы 7 айлық шаранасымен, қолындағы екі жасар баласымен қоса қайтыс болады. Мұның бәрі атадан келе жатқан киені ешкім ұстамағандақтан болып жатқанын айтқан емшілер Өсербайдың кіші нағашысыны «бата алып, емшілік жолға түсуі керек» дейді. Содан кіші нағашысы бата алып, емшілік жасай бастайды. Таң қаларлығы кіші нағашысы бата алып, емшілікті бастағаннан кейін арадан бір ай өткенде, нағашысы мен нағашы апайының көзі көре бастайды. Екінші нағашы апайы ауруынан айығады. Сол сәттен бастап бұл әулеттегі қайғы-қасірет тоқтаған екен.

Иә, атадан ұрпаққа даритын қасиеттің бар екеніне еш шүбә жоқ. Алайда, қазірше, мұндай құбылыстарға ғалымдар да, дәрігерлер де ешқандай түсінік бере алмайды. Ал сіз мұндай құбылысқа қандай түсінік берер едіңіз?!

Автор: Қалдар Көмекбаев
03 желтоқсан 2019 ж. 1 015 0