Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалар әдебиетінің болашағы қандай?

Балалар әдебиетінің болашағы қандай?

Тәрбие – тал бесіктен басталады. Осы бір тәмсілге ден қойған халқымыздың бала дегенде ет жүрегі елжіремей қоймас. Адамзат баласының өмірге деген көзқарасы, талғамы да балалар әдебиетімен ұштасып, қалыптасады. Яғни балалар әдебиеті – барша әдебиеттің баспалдағы. Тағылым мен тәлім ордасы. Сәйкесінше, бұл сала ешқашан қамқорлықтан, жанашырлықтан кенде қалмауы қажет. Сонымен балалар әдебиетінің бүгінгі келбеті қандай? Болашағы бар ма?
Бүгінгі күні балғындардың бойына қазақылықты сіңіруге, тәрбиелеуге байланысты сыни пікірлер, көзқарастар көп. Мұның барлығы айналып келгенде аталған салада үңірейіп көзге көрініп тұрған олқылықтардың кең ауқымын көрсетсе керек.
Ұрпақ тәрбиелеу саласындағы кемшін тұстарымызды айтқанда, бірінші кезекте мектептер мен мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі мемлекеттік тілдің төмен ахуалы, шетелдік телеарналардан тікелей көрсетілетін немесе олардан сатып алынып, отандық арналар арқылы назарға ұсынылатын анимациялық фильмдердің рухани «басқыншылығы» және басқа да түйткілді жағдаяттар сөз болады. Рас, жоғарыда айтылғандар ұрпақтың бойына қазақтың ұлттық тәрбиесін сіңірудегі талпынысымызға кері әсерін тигізіп-ақ жатыр. Мұны қоғам мойындайды.
Қазақтың ауыз әдебиеті мұраларынан бастап жазба әдебиетінің жауһарларын, оның ішінде балалар әдебиетінің мүмкіндіктерін тиімді қолдануда салғырттық, бәлки жалқаулық танытып жүргендейміз. Бажайлап қарасаңыз, осы салғырттық пен жалқаулық қолда бар дүниені жас өскіндерге заман талабына сай ойнатып ұсынудан гөрі, шетелдік сырты жылтыр, ішкі мазмұны мәнсіз туындыларға көбірек жүгінуге әбден әдеттендіріп жіберді.
Қазір мектеп оқушылары жаппай демалысқа шыққан кез. Қалыптасқан жағдайға байланысты ата-аналар мен балалар мектеппен, анығында мұғалімдерімен интернет арқылы байланыс орнатты. Осындай қарым-қатынас барысында мектеп мұғалімдерінің өз оқушыларына демалыс кезінде оқуға ұсынған кітаптарының басым бөлігі, тіпті түгелге дерлік шетелдік авторлардың орыс тіліндегі кітаптарын ұсынғанына куә болдық. Бұл өз кезегінде өзіміздің көркем әдеби тілде жазылған туындылардың жетіспейтіндігін көрсетіп қана қоймайды, сонымен қатар көптеген мұғалімнің бұған дейін талай буынды тәрбиелеген, қиялын ұштап, биік арман-белеске жетелеген қазақ жазушыларының классикалық еңбектерінен хабарсыз екенін көрсететіндей. Сондықтан мұғалімдер кешегі және бүгінгі қазақ әдебиетінен молынан хабардар болуы керек.
Бүгінгі балалар әдебиетінің ахуалы мәз емес екенін білеміз әрі оған түсіністікпен қараймыз. Бірақ жағдай осылай екен деп өзге тілде жазылған шығармаларға ессіз беріліп кетпей, өзіміздің көрнекті жазушыларымыздың еңбектері мен ауыз әдебиетінің озық нұсқаларына иек арту қажет-ақ.
Иә, бізге балалар әдебиетін дамыту керек. Бірақ сол үшін не істеу керек, қандай мәселелерге көңіл бөлген жөн? Бұл күн тәртібінен түспейтін, баршамызды толғандыратын сауал. Осы тұста жазушы Толымбек Әбдірайымның төмендегі сөздері көпке ой салады және кітапхананың қоғамдағы рөлін ерекше атап өткендей.
– Кітапханада балаларға арналған кітап көп болса жақсы болар еді. Біріншіден, ол баланың көркем, қазақтың шұрайлы тілін білу, үйренуіне мүмкіндік береді. Екіншіден, мәнді-мағыналы баланың рухын көтеретін, тәрбие мен тағылым беретін, ойландыратын, жүрегіне сәуле құятын шығармалар көп болса екен деп тілейміз. Біздің рухымыз – кешегі Тоныкөктің, Абайдың, Шаһ-кәрімнің, Махамбеттің, Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің шығармаларында жатыр. Міне, осы тұлғаларды кеңінен насихаттау керек деп ойлаймын.
Рас, «Балалар жазушысы», «Балалар ақыны» деген сөз Қадыр Мырза Әлі, Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаевтан кейін елеусіз қалған сыңайлы. Бүгінгі жас буын – келешек Қазақстанның, қазақ ұлтының айнасы. Сол себепті болашақ ұрпақты ұлттық болмысқа исіндіре тәрбиелеудің маңызы орасан. Өмірге азық болар білімді қай жаста болсаңыз да ала аласыз. Ал ұлттық тәрбиені жастайынан бойына сіңіре алмаған адам сүйегі қатып, буыны бекіп кеткенде оны жанына серік етуге кеш қалады.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
14 маусым 2020 ж. 897 0