Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі еленбейтін бейнеткештер

Еңбегі еленбейтін бейнеткештер

Мен — аула сыпырамын. Аула сыпырушыны грузинше «қоқыс жинағыш» дейді. Таңғы 5-те тұрамын. Менің үйден шығып кеткенімді тотықұс қана байқайды. Соңғы бес жылда жирен түсті күртеше киіп шығамын. Күннен бұрын ағаштармен, көшелермен, бүкіл Жер шарымен амандасып үлгеремін. Көзім нені көрсе, сонымен амандасамын. Елдің өз жұмысы бар. Олардың шаруасы – қоқыс шашу. Ал мен сол қоқысты жинап, жәшіктерге төгемін, ішімнен күліп, риза боламын... Бес жыл бұрын қоқыс жәшігінен жаңа туған нәресте тауып алдым. Қазір ол менің ұлым. Сондықтан күн сайын адамдардың қоқыс тастағаны үшін Жаратқанға тәубе деймін. Бұл грузин жазушысы Анна Лашхели-Онианидің жазбасынан үзінді болатын. Бүгінгі біздің мақалаға арқау болып отқан тақырып – таза маңдай термен еңбек ететін көше тазалықшылары.
Өкініштісі сол, жұмыстың осы бір түрін көп адамның бағаламайтыны көңіл қынжылтады. Таң сәріде елден ерте тұратын тазалықшылар шаһар мен оның тұрғындарының лас жерлерде жүрмеуі үшін тырбанып барын салады. Қала жанашырларының еңбегін неге елемейміз? Көше сыпырушы деген мамандық бар ма өзі? Кім не десе де, елімізде сан мыңдаған адам осылай нәпақасын тауып, отбасын асырап жүр.
Ауданда бүгінгі күні 80 мыңнан аса халық тұрады. Кейде осы көпшіліктің ортасында өзіміздің де бар екенімізді естен шығарып аламыз. Қоқысты кез келген жерге тастай салуымыз да соның салдарынан болар. Негізінен қоғамдық ортада адам өзін қалай ұстау керектігін ес білгеннен үйреніп келеді. Беталды түкірмеу, қоқысты көрінген жерге тастамау жазылмаған заң іспетті болуы тиіс. Мәселенің барлығы сіз бенен бізде. Бүгінде көше, аула, дала мен қала тазалығы – күн тәртібінен түсер емес. Құзырлы мекемелердің жазбаша дереккөздеріне сенсек, бұл мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар сан алуан. Көктем шыға салысымен апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылады. Бірақ бұған қарап кейде қарның ашады. Мысал үшін кез келген бір қаланы алып көрелік, қаланың орталық көшелерімен жүрсеңіз жылан жалағандай, ал шет аймақтар көбіне назардан тыс қалып жатады. Тіпті кей жерлерде жәшіктерде жиналған қоқыстар сыртқа төгіліп, оның рахатын жабайы ит пен мысық, шыбын-шіркейлер көреді. Керісінше зардабын мықшыңдап қоқыс жинап, бала-шағасының нан-суына тырбанып жүрген қоқыс жинаушының көретіні анық. Әріден қозғап не керек, бұл мәселе біздің өңірде де бар. Кент тазалығын да үнемі жазып та, айтып та келеміз. Кейде осыны көзбен көре тұра баруға ерініп, бір метр жерден жәшікке қолындағы қоқысын лақтыратындар да бар. Осыған қарап-ақ елімізде мәдениеттің әлі де қалыптаспағандығын аңғаруға болады. Ал шетелдіктер болса бізге керексіз, әр жерде ұшып, шашылып жатқан бұл тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, кәдеге асыруда.
Мәселен, Германияда қоқыстарды бөліп, сұрыптап жинау жүйесі қалыптасқан екен. Олар тіпті арнайы полигонда оны өңдеп, газ алады. Сонымен қатар биоқалдықтарды өңдеу арқылы топырақты құнарландыру жұмыстарын жүйелі жүзеге асырып отырған көрінеді. Былтырдан бастап елімізде қоғамдық орындары мен саябақтарды ластап, белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастағандарға айыппұл көлемін арттырды. Яғни енді көшеде келе жатып, темекі тұқылын тастасаңыз сот алдына барып, 21 210 теңге көлемінде айыппұл арқалауыңыз мүмкін немесе 10 тәулікке темір торға қамалуыңыз да ғажап емес. Ал қайталап тәртіп бұзсаңыз, қолданылатын жаза да арта түспек. Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірімдер мұндай қателікке бой алдырса, баласы үшін ата-анасы жауап беруге міндетті. Біздің елдегі салынатын айыппұлды шет аймақтармен салыстыруға да келмейді. Шетелдерде мұндай жағдайда салынатын айыппұлдың көлемі едәуір салмақты. Мәселен, Сингапурда көшені ластау өрескел қылмыс болып саналады. Егер тамақ қалдықтарын лақтырсаңыз, тіпті абайсызда түкіріп қалсаңыз, 100-ден 1000 долларға дейінгі көлемде айыппұл төлейсіз. Осыдан кейін көшеге түкіріп көр. Сіріңкенің шырпысы жатпайтын тазалық болады, әрине. Ал француздарда ол тіпті аспандап тұр. Олар аталған мәселені 1500 еуро айып салумен реттеп отыр. Біздің елде абайсызда түкіру былай тұрсын, қолдағы қоқысты арнайы қоқыс жәшігіне апарып тастаудың өзі қиын жұмыс. Таңмен таласа оянып, сары түсті күртешелерін киіп, қажетті құралдарын қолына алып жұмысына кірісетін тазалықшылардың көл-көсір еңбегі өзге жан баласына байқалмайды. Аула сыпырушылардың еңбегін елемей, мұрнын тыржита қарап кететіндер де аз емес. Елімізде осы көше, аула тазалаушылардың беделі өте төмен болса, керісінше шетелдерде олардың беделі айтарлықтай жоғары. Тарихқа үңілсек, аула сыпырушыларына қатысты қызықты фактілерді білуге болады.
Мысалы, Лондонда өткен олимпиада ойындарында аула сыпырушылардың көмегі зор болды. Олар туристермен дұрыс сөйлесуді, қаланың ерекшелігі жөнінде алдын ала дайындық курстарынан өткен көрінеді. Сөйтіп әлемнің түпкір-түпкірінен келген туристерге Лондонды аула сыпырушылар таныстырған. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, тіпті президенттер де аула сыпырушы болған. Мәселен, Ресей Федерациясының экс-президенті Д.Медведов те еңбек жолын аула сыпырудан бастаған.
– Еңбек кiтапшамдағы алғашқы жазу – аула сыпырушысы деп жазылған. Соңғы жазуда «Ресей Федерациясының президентi деп тұр» деген болатын Президент Ресейдi басқарып тұрған кезiнде журналистерге берген сұхбатында.
Дамыған елдердің көбінде тапталып жерде жатқан тұрмыстық қалдықтар – әжептәуір табыс көзі. Бұл бизнес әрі әлеуметтік жауапты іс. Қоқысты қайта өңдеуден түскен ақша қалта мен қоршаған ортаға бірдей пайда әкеледі. Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеудің негізгі бағыттары – қағаз өнімдері, әйнек сынықтары, бөтелке, полимер, пластик өнімдері, ағаш және темір заттары болып тармақталады. Тіпті борситын тамақ қалдықтарынан биогаз өндіретін мемлекеттер де бар.
Арамызда экология мәселесіне көңіл аудара бермейтіндерді кезіктіруге болады. Айта кеткен жөн болар, басынан дұрыс жиналмаған қоқыс қайта өңделетін шикізат ретіндегі құндылығын жояды. Қағаз өнімдері бүлінеді. Бөтелкелер жарылады, жуындымен араласады. Бұдан қоршаған ортаға орасан зор зиян келуде. Сондықтан күнделікті шығатын тұрмыс қалдықтарын сұрыптап, арнайы қоқыс жәшіктеріне салу, әрқайсымыздың міндетіміз болуы тиіс. Туған топырағымызды таза ұстап, абаттандырып, жасыл желекке малындырып отыру – тек аула сыпырушының ғана емес, баршамыздың басты борышымыз. Тазалық – біздің денсаулығымыз бен өміріміздің кепілі. Олай болса, айлық еңбекақысы 40 000 теңгеден аспайтын қарапайым жандардың еңбегін бағалап, қоршаған ортаны ластамаңыз.

Сұлушаш МАДИЯРОВА

19 мамыр 2020 ж. 960 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930