Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көктем нұрын шашқан күн

Көктем нұрын шашқан күн

Қыс көбесі сөгіліп, көктем келді. Шуақ шашқан мерекелі күннің қарсаңында «Қуаныш» балабақшасында «Көктем аруы – 2020» байқауы өтті. «Абзал» тобының өнерлі бүлдіршіндерін сахнаға бейімдеу мақсатында ұйымдастырылған шараның басы-қасынан тәрбиеші Гүлбаршын Үсенбекова табылды.

Тілі бал, қылығы тәтті кіп-кішкентай қыздардың әуелі өздерін таныстырған жыр шумақтарын тыңдадық. Бал-бұл жанған Ұ.Болат, А.Шринбек, Б.Берікова, Ж.Дәуітбай, Б.Ғабитбек сынды балабақша өнерпаздарының 5 кезең бойынша сан түрлі өнерлеріне қаныққан көрермендер ерекше ықылас танытты. «Тегін білу тектілік», «Талаптыға нұр жауар», «Өнерлі өрге жүзер», «Білгенге маржан», «Қыздарға әсемдік жарасады» деп аталатын әр айналымда ару қыздар аянып қалмады. «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» деп тәмсілдеген қазақ ұрпағының болашағына бей-жай қарамаған. Бесікте жатқан сәттен ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді сақтай отырып, өсіп-өнуіне бағдар берген. Ал буыны қатайып, беки қоймаған балдырғандардың ең алғашқы тәлім мектебі – балабақша. Үлкен орта, өнерлі ұл мен қыз бір-біріне қарап бой түзейтін «Қуаныш» балабақшасындағы тәрбиеленушілерден осыны байқадық. Сайыс соңында балабақша меңгерушісі Г.Құлымбетова әр өнерпаздың еңбегін бағалап, оң бағасын берді. Көздерінен ұшқын, бойларынан жалын көрген қатысушыларды сый-сияпатпен марапаттады. Сондай-ақ балабақша аяжаны М.Тастамбекова дендерінің саулығын тілеп, мерекелерімен құттықтады.

Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ


11 наурыз 2020 ж. 1 287 0