Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өркеннің өлеңі

Өркеннің өлеңі


Қыз-келіншектерді көктем мерекесімен құттықтай отырып, достық-әзіл өлеңімді арнаймын.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің іскер, жаңашыл,
талапшыл басшысы Жібек Баймұратоваға

Дұрыс болса саясат,
Елімізге жарасат.
Түзу ниет жолдарға,
Бір құдай да қарасат.
Халықтың ауызбірлігі,
Күнделікті тірлігі.
Ең арғысы Шиелінің,
Тазалығы, кірлігі.
Халықтың ой-санасы,
Ұл-қыздары, баласы.
Шулап жатқан көшеде,
Осылардың анасы.
Қазақтың ана тілі де,
Мұсылмандық діні де.
Саясаттан тыс емес,
Айтқанымның бірі де.
Көрсет, Жібек, мәрттікті,
Саған ел сенім артыпты.
Идеология қолыңда,
Күшейту керек тәртіпті!

Ұлағатты ұстаз, бұрынғы мектеп директоры, аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, «Өскен өңір» газетінің штаттан тыс тілшісі Айжамал Әбдіхамитқызына

Қиындықтан қаймықпай,
Ұстаздық еттің жалықпай.
Қанатымен су сепкен,
Қарлығаштай қалықтай.
Мектепті көп жыл басқарып,
Көрмедің істе жасқанып.
Директор едің бетке ұстар,
Пікір айтар бас салып.
Қайда барсаң мұғалім,
Деп тұрасың «шырағым»,
Тәрбие толы сырыңды,
Шәкіртіңдей ұғамын.
Мақала жазып тастайсың,
Ізгіліктен аспайсың.
Ауыл жайлы мол айтып,
Жаңалыққа бастайсың.
Айжамал апай, шаршама,
Айта бер ақыл қаншама.
Әбдіхамитқызы осылай,
Аян болдың баршаға.

Шиелі орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры, өнерпаз, әнші Гүлдана Жақыповаға


Көктемде көрсең бұл дала,
Құлпырған қызыл гүл дала.
Шиелінің ерке сылқымы,
Ару директор Гүлдана.
Жанашыр қазақ тіліне,
Дәстүріне, діліне.
Еңбек етіп келеді,
Егеменді еліне.
Кітап – білім бұлағы,
Кітапхана тұрағы.
Оқымасаң ештеңе,
Өмірдің көп сұрағы.
Оқуды жұрт сүйе ме?
Бізге де кеп тие ме?
«Бәрін айт та, бірін айт»,
Кітапхана түсті жүйеге.
Домбыра тартып, ән салып,
Оқырманға жар салып.
Жатқаныңды білеміз,
Кітапханада қарсы алып.

ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Өскен өңір» газетінің бөлім меңгерушісі Гүлнәр Дүйсебайға


Ата-анаң сені мақтанып,
Талантты қызым, балам дер.
Жазасың бір шаттанып,
Гүлнәр – шебер қаламгер.
Биік тіпті талғамың,
Ойың ұшқыр жан-жақты.
Терең білім алғаның,
Сөз саптауың таңғалтты.
Мақалаңды көпшілік,
Іздеп оқып жатқаны.
Көңілдерден дөп шығып,
Күн шығып, күннің батқаны.
Барып кел, Гүлнәр, ­шауып кел,
Жұмыс қой қызық тілшілік.
Жанрларды тауып көр,
Таусылмайды тіршілік.
Бойыңдағы талантың,
Өзіңде қалып қоймасын.
Шығармаларың қанатың,
Оқыған жұрт тоймасын.

№252 Г.Ковтунов атындағы мектеп-гимназиясының директоры, білім беру ісінің құрметті қызметкері Гүлзира Жаңабаеваға


Орысша сайрап тұр,
Мектебі жайнап тұр.
Жүректе жалын бар,
Сөйлессең жайлап бір.
Көпұлтты балалар,
Сондай ата-аналар.
Олармен жұмыс істеу,
Қамал алғанмен бара-бар.
Сабырлы да төзімді,
Құп алар әрбір сөзіңді.
Ұжымды да ұйытып,
Жеткізген оған көзіңді.
Заңды да ол меңгерген,
Мұғалімдерді тең көрген.
Гүлзира – мықты педагог,
Парасатты мен көрген.
Жетті бізге деректер,
Қайда анау теректер?
Қайта егуге болмас па?
Мәртебелі директор?

Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
09 наурыз 2020 ж. 524 0