Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте

Ата-бабамыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы – отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш-ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл – ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері даусыз. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіс. Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын майлау. Ең жақсы адам – ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің басқа тілді меңгеруіңе бөгет болмайды, қайта сені адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Ана тілдің терең иірімдеріне бойлай білу – саналы адам болғысы келетін жас адамның бірінші парызы.
Осы ретте, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Медиа-Пресс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен конкурсты тілге тиек етуге болады. Шара Астананың 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдығы аясында облыс орталығында орналасқан Ә.Тәжібаев атындағы ұлттық кітапханада «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» тақырыбымен облыстық мемлекеттік қызметкерлер командасы арасында өтті. Сайыс мемлекеттік органдардағы мемлекеттік тіл саясатының жүргізілуін айқындау, мемлекеттік тілді қолданудың беделін арттыру және мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру мақсатын көздеген еді.
Ауданнан «Тіл – татулық тірегі» командасы қатысып, намысты қолдан бермеуге тырысып бақты. Нәтижесінде, кент әкімдігінің бас маманы Айгерім Кенбаева, ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Думан Смайлов, ветеринария бөлімінің бас маманы Ержан Баймағанбетов жүлделі орындардан көріне білді. Ал, конкурс барысында №127 мектеп-лицейінің оқушысы Гүлжанар Кенбаеваның нақышына келтіре оқыған өлеңі көпшілікті баурап алды.
Шараға қатысушыларға демеу беріп, қолдаған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова, «Арман» мәдениет үйінің директоры Нұргүл Шалекеева, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гүлназ Достияроваға айтар алғыстарын жеткізді.
Сонымен, келесі конкурсқа дайындалып жатқан жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көрініп, аудан мәртебесін тағы бір мәрте көтеру ойларымен де бөлісті.
Дина ӘБІЛАСАН.