Ақ жол саған, жас түлек!
Арғымақ аттай тулаған уақытта шек бар ма?
Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп қабырғасына имене аттаған ұл-қыздарымыз, бүгін міне, ойы, бойы өсіп, алтын ұя мектебімізден қоштасқалы отыр. Жалпы орта білім беретін кешкі мектепте балалықпен қоштасар күн туды. Түлектерге аттестат табыстау кеші өтті. Салтанатты жиынға қазақ тілі қоғамының төрағасы болған, қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ берген ардагер ұстаз Қалдыбай Сүгірбаев, облыстық мәслихат депутаты, аудандық Шиелі жарығының директоры Қалмырза Қасымов, аудандық мәслихат төрағасы Болат Сыздықов, аудандық білім бөлімінің әдіскерлер кабинетінің меңгерушісі Ғалым Төлегеновтар келіп, жас түлектерге ақ жол тіледі. Шараны мектеп директоры Қ.Берімбет ашып, қонақтарды, ұстаздарды, оқушыларды құттықтады. Құрметті қонақтар мектеп түлектеріне аттестат табыстап оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Өз кезегінде ата-аналар сөз алып, білім берген ұстаздарға, ұжымды басқарып отырған мектеп директоры Қ.Берімбетке, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әлия Болатоваға алғысын білдірді. Мектеп директоры жас түлектердің жаңа өміріне ақ жол, сәтті сапар тіледі.
Ә.Болатова,
кешкі мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.