Талмай самға, жас түлек!
Мектеп бітіру – түлек үшін ғана емес, әрбір ата-ана мен ұстаз үшін әсерге толы сәт. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан талапкерлердің алтын ұяларымен қоштасу кеші Бидайкөл ауылындағы №148 қазақ орта мектебінде өтті.
Кешке аудан әкімі Ә.Оразбекұлы қатысып, «Білім алуда биік белестерді бағындыруға талпыныңдар, оқып болдым деп тоқтап қалмау керек, әлемдік атақты жоғарғы оқу орындарына жетуге тырысыңдар. Қазір сендер үшін барлық ақпарат қолжетімді. Америкалықтар оқитын жаңалықты сендер де оқи аласыңдар. Білімді болыңдар», – дей келе бітірушілердің ата-аналары мен ұстаздарын мерекемен құттықтады. Аудан бойынша биыл 592 бітіруші түлек болса, аталмыш мектептен 49 түлек қанат қаққалы отыр. Оның төртеуі «Алтын белгі», біреуі «Үздік аттестат» иегерлері. Кеште талай түлектің сауатын ашып, қанатын қатайтқан ардагер ұстаздар сөз сөйлеп, тағылымды естеліктерімен бөліссе, білім бөлімінің басшысы Болат Сейілханов пен ауыл әкімі Айтбай Жандарбеков білімдіге ашылар жолдың көп екендігін тілге тиек етті. Оқушыларының бетін қақпай, белін бекем буып отыратын мектеп директоры Орынкүл Шарабаева түлектерге жарқын болашақ тілеп, аттестат тапсыру рәсімін жүргізді. Атаулы күнмен құттықтап, гүлмен қоса бағалы сыйлықтарды табыстап жатқан түлектердің туған-туыстары кеш көркін әсемдей түсті. Мектеп тарихында әкімнің қатысуы бірінші рет болып тұрған айтулы рәсім керемет концерттік бағдарламамен жалғасты.
Назерке МҰХАМЕДИЯРОВА.