Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұлдыздай жарқыраған өрендер

Жұлдыздай жарқыраған өрендер

Хәкім Абай отыз үшінші қара сөзінде «Мал жұтайды, өнер жұтамайды» десе, Шәкәрім Құдайбердіұлы «Талаптан да білім мен өнер үйрен, білімсіз, өнерсіз болады ақыл тұл» дейді. Міне, қазақтың қара нардай қос тұлғасы өнерге осылай баға берген. Осыдан кейін-ақ адамның өн бойындағы өнердің қаншалықты құнды, қаншалықты бағалы екенін байқауға болады. Әсіресе, бұғанасы қатпаған жас буындардың өнерлі болғаны көз қуантады. Осындай өнерпаздардың бір шоғыры жұма күні шаршы алаңға түсіп, бақ сынады.
Өнерлілер додасы №156 Нартай Бекежанов атындағы қазақ орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсем Жұмабекованың ұйымдастыруымен өтті. Аталған сайысқа бірінші және төртінші сыныптың оқушылары қатысты. Жарыстың шымылдығы Болгарияны бағындырған қобызшы, халықаралық «Достар дауысы – 2019» байқауының жеңімпазы Тоғжан Есенбекқызының күй өнерімен түрілді. Одан кейін сахна төріне мектеп директоры Мұқаш Пернеев көтеріліп, жас өнерпаздарға сәттілік тіледі.
Қатысушылар байқау ережесімен танысып болған соң, бірінен кейін бірі өнерлерін ортаға салып, көрермендерді де, қазылар алқасын да таңғалдарды. Өнер фестивалінің алғашқы кезеңі көркем сөз оқу шеберлеріне арналды. Олар қара өлеңді мәнерлеп оқып, көрерменнің көңілінен шыға білді. Одан кейін қазақтың ұлттық биін әлемге паш еткен Шара, Шұғыла сынды аналардың ізін жалғаушылар дәстүрлі биді мың бұрала биледі. «Ән-көңілдің ажары» демекші осы сайыста күміс көмей әншілер де қалыс қалмады. Әнге әуес жеткіншектер тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, әсем әуен шырқады. Жарыс әрмен қарай күмбірлете күй орындаумен және өзге ұлттың биін билеумен жалғасты.
Ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл, әдемі кеш сыйлаған сайыстың нәтижесінде әуелете ән шырқаудан бас жүлдені А.Балғабай иеленді. Ал І орын А.Қуанышбекке, ІІ орын А.Сұлтанбекке, ІІІ орын Ә.Жапбарға бұйырды. Сондай-ақ би сайысынан екінші сыныптан құралған бишілер тобы бас жүлдені иемденіп, үзеңгілестерінен үздік шықты. Байқаудың бұл кезеңінде І орынмен Қ.Әбдіқайыр марапатталды. ІІ орынды екінші және үшінші сыныптың оқушылары өзара бөлісті. Ал ІІІ орынды қазақша би билеп, көптің көзайымына айналған екінші, үшінші, төртінші сыныптың оқушыларынан құралған би тобы иемденді. Айта кетейік, жеңіс тұғырынан көрінген шәкірттерді өнерге баулыған Нартай ауылдық мәдениет үйінің әдіскері, би үйірме жетекшісі Айшахан Молжігіт. Ал осы сайысқа қолдау білдіріп, демеушілік жасаған Нартай ауылының кәсіпкері Нұржан Дулатов.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ
25 ақпан 2020 ж. 642 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (9193)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (9192)

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930