Абырой биігінен көрінген бишілер
Апта басында Б.Қабылұлы атындағы мәдени-шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде «Дала өрнектері» атты би үйірмелері арасындағы аудандық байқау өтті.
Би – адамның ішкі дүниесін байытып, жанын тазартатын құдіретті өнер. Биді жанына серік еткен жандардың болмысы ширақ, әрі денсаулығы жақсы болады. Балалардың бойында осы өнердің эстетикалық тәрбиесін жетілдіру, шеберлігін арттыру, дарынды балаларды қолдап, шығармашылығын дамыту, жас таланттың бойындағы өнердің көзін ашу мақсатында өткен байқауға 16 би ұжымы қатысып, өнерлерін ортаға салды.
Ауданның барлық аймағынан келген өнер иелерінің таланты таразыға түскен сәтте қобалжығандар да, талабын шыңдағандар да, мың бұралған биімен көрерменнің көз-айымына айналғандар да болды. Ал түрлі киім киінген 200-ге тарта талапкер мәдениет үйінің ажарын кіргізді. Байқау қорытындысы бойынша 6-9 жас аралығындағы би топтарынан бас жүлдені «Балқаш» би мектебінің «Жұлдыз» би тобы, І орын Бала би ауылынан «Тұмар» би тобы, ІІ орын Н.Бекежанов ауылынан «Инабат» би тобы, ІІІ орын Бестам ауылынан «Шұғыла» би тобы иеленді. Ал 10-13 жас аралығы бойынша бас жүлдені «Арман» мәдениет үйі жанындағы «Арман» би тобы, І орын Алмалы ауылынан «Ару-ай» би тобы, ІІ орын №219 мектеп жаныдағы «Азия» би тобы жеңіп алса, ІІІ орынға Жиделіарық ауылынан келген «Томирис» би тобы лайықты деп саналды. 14-17 жас аралығы бойынша І орын Шиелі кентінен «Гүлназ» би тобы, ІІ орын Сұлутөбе ауылынан «Шабыт» би тобы, ІІІ орынды еңбекшілік «Балдәурен» би тобы алып, жеңімпаздардың қатарынан көрінді. Шара соңында барлық би топтарының мүшелері мен жетекшілері арнайы алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Б.БӘЙІМБЕТ