Шын талантқа тұсау жоқ
Өткен аптада Төңкеріс ауылдық округінде мүмкіндігі шектеулі жандардың қатысуымен «Жүрек жылуы» өнер фестивалі өтті. Фестивальге Ш.Қодаманов ауылының 1977 жылғы және 1995 жылғы дүниеге келген тұрғындары және «Жылқыайдар», «Қанағат» пен «Дулат» шаруа қожалықтары, «Дарын» балабақшасы, аудандық мәдениет үйі демеушілік көрсетті. Сонымен қатар Төңкерістегі клуб басшысы Баян Арыстанова да өнерпаздарды қолдаушылардың қатарынан табылды.
Тағдыр тәлкегін тартса да мойымаған өнерпаздар жиналған шарада Кенжебай Мұсаев сөз сөйлеп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Таланттар бас қосқан байқау бес түрлі жанрда өтті. Өнердің киесін ұғынған жандар ән мен би, көркем сурет және қолөнер, сондай-ақ дәстүрлі ән бойынша сынға түсті. Оларға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жадыра Отарбаева, мәдениет үйінің әдістемелік бөлім меңгерушісі Гүлшат Әбдімомынова мен Нартай өнер мектебінің ұстазы Бағдат Тойманов қазылық етті.
Жезтаңдай әнші мен мың бұралған биші, он саусағынан өнер тамған қолөнерші және қасиетті домбыраны серік еткен күйші шығармашылығын шыңдаған жарыста 10 қатысушы облыстық кезеңге жолдама алды. Жарыс қорытындысы бойынша би сайысында өзгелерден ерек өнер көрсеткен А.Сейданова, Р.Тыныштық, А.Қалдыбай, К.Бергенбай және ағайынды Ерасыл мен Нұрасыл Берікбаевтар келесі кезеңде де бақ сынайтын болады. Ал әсем әнімен қатысушылардың құлақ құрышын қандырған Н.Қошқаров, Б.Айтбайұлы, С.Мейрамханов облыстың сахнасында да сән құрады. Қолөнер шеберлері Қ.Қыдырбаева, А.Шамен де аймақ тұрғындарын туындысымен тәнті етпек. Бұлардың қатарында көркем сурет байқауынан екінші кезеңге жолдама алған Е.Айбекұлы да бар.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИ