Қылқаламнан туған құдірет
Өнердің сан түрі бар дейміз. Күй құдіреті, ән құдіреті, сөз құдіреті деп те жатамыз. Сол өнердің ішінде сурет өнерін өміріне серік еткен, тәңір сыйлаған талантын өлтірмей, алтынсаусақ атанып жүргендер бар арамызда. Біздің айтпағымыз, осы жандармен өткен елеулі шара.
Аудан жастарының шығармашылығын қолдау мен насихаттау, өскелең ұрпақ арасындағы азаматтық және отансүйгіштік тәрбиені қалыптастыруды мақсат еткен шараны аудандық ішкі саясат бөлімі және аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы ұйымдастырды. Жоғарыда аталған өнер иелері арасындағы байқау Тұңғыш президент күні құрметіне арналып, кітапхананың Коворкинг орталығында «Елбасы – елдің тұтқасы» тақырыбын арқау етті.
Қылқаламды қиялында шебер пайдаланған жасөспірімдер тақырыпты аша білді. Олар түрлі бояуларды пайдалана отырып тамаша туындыларды көпшілік назарына ұсынды.
Қорытындысында, ҚР Мәдениет қайраткері Р.Ибраев пен оқушылар үйінің көркемсурет үйірмесінің жетекшісі А.Ханқожаеваның төрағалығымен өткен жүйріктер жарысында бас жүлдені №219 мектеп оқушысы Н.Медетов иемденсе, І-орынды №244 мектеп оқушысы Г.Ибраимова, ІІ-орынды №219 мектеп оқушысы Н.Машрапова, ІІІ-орынды №46 мектеп оқушысы Ж.Сайлаубек пен №219 мектеп оқушысы Н.Мырзабайқызы қанжығаларына байлады. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталып, өзге де қатысушылар Алғыс хаттар иеленді. Осылайша, қылқаламнан туған құрметке қанығып, балалардың шығармашылығына тәнті болған бұл күннің де берері мол болды.
Д.ӘБІЛАСАН.