Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сауатты әрі дені сау ұрпақ – біздің болашағымыз

Сауатты әрі дені сау ұрпақ – біздің болашағымыз

Шиелі ауданындағы спорт, дін, білім, денсаулық пен мәдениет салаларында қандай идеологиялық іргелі істер атқарылғаны жайлы аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов брифингте сөз етті. Аудан әкімі орынбасарының ­журналистермен жүздесуі сейсенбі күні Көкшоқы елді мекеніндегі баспасөз орталығында өтті. Жиында жыл бойы атқарылған жұмыстар мен алдағы ­жоспарлар нақтыланды.

Өткен жылы Президент Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы жарияланғаны белгілі. Б.Жаниязов аталған Жолдау жарияланған күннен бастап аудандағы дербес мекемелер мен кәсіпорындарда, барлық ауылдық округтерде тұрғындармен кездесулер, дөңгелек үстелдер, жиындар өткізілгенін тілге тиек ете отырып, одан әрі дін мәселесіне тоқталды.
– Бүгінгі таңда аудан көлемінде 32 діни бірлестік қызмет атқарады. Терроризм мен діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық түсіндіру шараларын ұйымдастыру мақсатында аудандық ішкі саясат арқылы көптеген жоба іске асырылуда. Сонымен қатар деструктивті діни ағымның алдын алу бағытында да «Қызылорда облыстық ішкі ­саясат басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығы» жанынан құрылған АТТ мүшелері де кент және ауылдық округ тұрғындарына кездесулер ұйымдастырып келеді, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Өткен жылдың үлесінде белгілі ғалым, қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің және «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы Османмен кездесу ұйымдастырылған. Б.Лепесұлының сөзінен биыл білім саласында оң өзгерістер бар екенін байқадық. Яғни облыстық білім басқармасының ­бастамасымен білім саласын цифрландыру мақсатында «mektep.sitcen.kz» ақпараттық жүйесі іске қосылған. Толығырақ тарқатсақ, «Мектепке 1 сыныпқа бала қабылдау», «Тегін тамақпен қамтуды ұсыну», «Тегін тасымалдауды қамтамасыз ету» сияқты мемлекеттен көрсетілетін қызмет түрлері арнайы жүйе арқылы жүргізілетін болады.
Ауданда жыл басынан бері Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы мен Жастар жылына орай 5 облыстық, 3 республикалық, 1 халықаралық шара ұйымдастырылған.
– Мәдениет саласында да бірқатар шара өтті. Атап айтар болсақ, «Жырласа, жастар жырласын» республикалық дәстүрлі әнші-жыршылардың фестивалі, «Нартай мұрасы» атты облыстық Нартай оқулары, «Сырда туған сыршыл ақын» атты облыстық мүшайра, «Парасатты поэзия» атты жыр фестивалі, «Мәдениет. Қызмет. Нәтиже» атты клуб қызметкерлерінің облыстық семинар-кеңесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Биылғы жылы да осындай игі жобалар жалғасын табатын болады, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар биылғы «Еріктілер жылы» аясында «Еріктілер жасағы құрылып, 5 бағыт бойынша жұмыс істеуде. Жиын соңында аудан спортшылары да осал еместігін айта келіп:
– Жыл басынан бері спортшылар ­облыстан 87 алтын, 71 күміс, 92 қола медаль иемденсе, республикалық чемпионатта 23 алтын, 21 күміс, 23 қола медальды қанжығасына байлады. Ұлттық құрама мүшелігіне 3 спортшы енгізіліп, 5 жас спортшы Әлем және Азия біріншілігінің жүлдегері атанды. Елуден астам жастар республикалық турнирлердің чемпиондары болды. Спорттың алуан түрінен өткізілген сайыстардың негізгі мақсаты – ұлттық және бұқаралық спортты дамыту, насихаттау, өскелең ұрпақты спортқа баулу, – деп сөзін қорытындылады Б.Жаниязов.

Фариза КЕНЖЕШОВА

15 ақпан 2020 ж. 399 0