Келелі кеңес отырысы
Бейсенбі күні аудан әкімдігінде «Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және әріптестік жөніндегі аудандық кеңес» отырысы өтті. Жиында аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Жаниязов модератор болды. Кеңес отырысына аудандағы үкіметтік емес ұйымдар, дербес бөлім басшылары, кеңес мүшелері қатысты.
Кенттегі қоғамдық ұйым мүшелері мен еріктілерді тарту арқылы атқарылып жатқан жұмыстар туралы кент әкімінің орынбасары Болат Баймағанбет хабарлама жасаса, үкіметтік емес ұйымдар мен тұрғындардың құқықтық сауаттылығын көтеру, адам саудасы қылмысының алдын алуға бағытталған жұмыстар жөнінде аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Абылай Төлегенов айтып берді. Баяндамашылардың қатарында аудандық әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шәмшат Оразымбет те болды. Ол аталған қоғамдық бірлестіктің гендерлік теңдік және отбасы құндылықтарын дамыту, нығайту мақсатында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Қатысушылар да белсенділік танытып, аудандағы өзекті мәселелерге байланысты өзіндік сұрақтарын қойды. Соның ішінде өңірдегі шашылып жатқан бей-берекет қоқыстарға тоқталды. Жиын соңында Б.Лепесұлы қаралған мәселелерге сәйкес хаттама рәсімделіп, жауапты орындарға жолданатынын тілге тиек етті.
Фариза КЕНЖЕШОВА