Қоғамдық кеңес отырысы өтті

Өткен жылды қорытындылап, аудан халқының көкейінде жүрген мәнді де мағыналы сұрақтарды, сонымен қатар шешімін таппаған мәселелерді анықтап, алдағы жылдың жоспарына енгізу мақсатында ұйымдастырылған шарада қауымдастық тарапынан бірнеше сауалдар жолданды. Яғни жыл қорытындысы таразыға түскен отырыста көптеген пікір білдіріліп, кейбір мәселелер бойынша ұсыныстар да айтылды. Біріншіден, аудан орталығы Шиелі кентінен цемент қоймасын ашу. Сонымен қатар Бидайкөл мен Иіркөл ауылдарының бу қазандықтарын газға ауыстыру мәселесі қозғалды. Жол мәселесі де назардан тыс қалмады. Жиын одан әрі жол салатын мекемелердің жұмысын қадағалау хақында өрбіді. Кәріз жүйесін бір ретке келтіру мен мейрамханаларда мектеп оқушыларының кәмелет жасқа толмай, жұмыс істеуін тоқтату мәселесін де бір жақты ету көзделді. Көше атауларына тарихта батырлығымен, ел басқарудағы ақылдылығымен аты қалған хандардың және белгілі тұлғалардың атын қою жайында да ұсыныс айтылды. Кент ішіндегі тазалыққа тұрғындардың бей-жай қарауы көпшілікті алаңдатып отырған мәселе екені анық. Осы тұста Әшім Оразбекұлы тазалықты өзімізден бастау керектігін айтып, тиісті бөлім басшыларына алдағы уақытта үгіт-насихат жұмыстарын көптеп жүргізуді тапсырды. Аудан әкімі айтылған барлық ұсыныс-тілектерге, пікірлерге жеке-жеке тоқталып, тұщымды жауап қайтарды. Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері аудан басшысының атқарған жұмысына оң бағасын беріп, жоспарланған жұмысына сәттілік тіледі.
Фариза КЕНЖЕШОВА