Ғасыр дертіне қарсы күрес
1 Желтоқсан – Бүкіл әлемдік СПИД-ке қарсы күрес күніне орай №158 мектепте «Қоғамдастықтың маңызы бар» атты ауқымды шара өтті.
Оқушыларды салауатты өмірге тәрбиелеп, жасөспірімдерге шылым шегу, ішімдікке әуес болу, нашақорлық, жұқпалы аурулар, оның ішінде СПИД-тің адам ағасына зиянды әсерін, оның салдарынан туындайтын аурулар туралы білімдерін жетілдіруді мақсат еткен шараны мектеп аяжандары Әлия Асқарова мен Ұлмекен Дүйсен ұйымдастырды. Жиынға ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың маманы Талғат Досаев қатысты.
Кеш барысында жоғары сынып оқушыларының «Жақсы мен жаман», «Өмірдегі қателік» атты қойылымдары және Д.Дайрабайдың «СПИД құрбаны» атты монологы қатысушыларды ерекше әсерге бөлеп, ойға батырды.
Оқушыларды зиян әдеттен, айықпас дерттен ада болуға баулыған шара аясында «Ғасыр дертіне қарсымын» тақырыбында баскетбол ойынынан және сурет салудан байқау ұйымдастырылды. Жеңімпаздарды Т.Досаев пен мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Бекмырзаева марапаттады. Кеш соңында АИТВ-ның алдын алу шараларын насихаттауға белсене араласқаны үшін Ә.Аманбекқызына ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың аудандағы филиалы меңгерушісі А.Сәдуақас алғыс білдірді.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ