Ғасыр дерті алдын алуды қажет етеді
Өткен аптада Шиелі ауданаралық ауруханасының қызметкерлері арасында «1 желтоқсан – ЖИТС-ке қарсы күрес күніне» орай «Қоғамдастықтың маңызы» атты акция өтті. Аталған шараның шымылдығын Шиелі ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиева ашып берді.
Айта кетейік, ЖИТС (Жүре пайда болатын иммундық тапшылық) – иммундық қуаттың әлсіреуінен пайда болатын жұқпалы ауру. Өкінішке орай, қатерлі аурудың емі жоқ көрінеді. «ЖИТС-ке шалдығу – өлім жазасына кесілгенмен бірдей» дейді медицина мамандары. Тек қолдан келетін бір ғана шара – ол аурудың алдын алу.
Акция барысында ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың Шиелі ауданындағы филиал меңгерушісі Анапия Якудаұлы сөз алып, аталған ауру жайында тереңірек тарқатты.
– Спидке қарсы күрес күніне орай іс-шаралар әлем бойынша ұйымдастырылып тұрады. Соның ішінде елімізде де түрлі шаралар, акциялар өтіп жатқаны белгілі. Көпшілік түсіндірме жұмыстарының қажеті жоқ деп санайды. Бірақ бұл дертке шалдығушылар шет елдерді санамағанда, Қазақстанда геометриялық прогресс бойынша өсіп келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қызылорда қаласынан – 91, Қазалы ауданынан – 13, Арал ауданынан – 9, Сырдария ауданынан – 2, Жалағаш ауданынан – 1, Жаңақорған ауданынан – 7, ал Шиелі ауданынан 12 адам аты жаман қатерлі дертке шалдыққан. Бұл біздің лабароториямызға тіркелгені ғана. Мысалы, өзге облыста немесе қалада аталған ауруды жұқтырса, сол жерден есепке алынады, – деді А.Садуақас.
Жиынды одан әрі Көкшоқы дәрігерлік амбулаториясының медицина мамандары «Болашағыңды ойла» атты көрінісімен жалғастырды. Аудандық жастар денсаулық орталығының дәрігері Лаура Қасымбекқызы да өмірде адам денсаулығының маңызы зор екенін айта келіп, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Акция соңында белсенді қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.
Фариза
КЕНЖЕШОВА
КЕНЖЕШОВА