СПИД-ке қарсы күрес баршаға міндет
Шиелі кенті №46 А.С.Пушкин мектеп-лицейінде оқушылар арасында дүниежүзілік СПИД-ке қарсы күрес күні аясында, «АИТВ-статусыңды біл» ұранымен салауатты өмір салтын қалыптастыру, АИТВ-ның алдын алу, жасөспірімдер арасында жауапты мінез-құлық қалыптастыру мақсатында кездесу өткізілді. Кездесудің ашылу сөзін «Береке- Жастар» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Ақсамал Рысбаева бастап, ел дамуында жастардың ролі орасан зор екенін айтты. Іс-шара барысында сөз алған ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығының Шиелі аудандық филиалының маманы Б.Парманқұлов «АИТВ/ЖИТС –деген не?, «АИТВ – қайдан шықты?» деген мәселелерге тоқталып, республикалық, облыстық, аудандық тіркеуге алынған аурулар жайлы ақпараттар бере отырып, жастардың сұрақтарына жауап берді. Келесі кезекте Шиелі аудандық жастар денсаулығы орталығының социолог маманы – С.Қалекеева: темекі шегу және оның ағзаға келтірер зияны, шығу тарихымен қоса, есірткі, ішімдік, нашақорлықтың негізгі белгілеріне толықтай тоқталып өтті. Жауапты мінез-құлық тақырыбында шағын дәріс оқып, біршама түсініктер беріп өтті. Мәселен, кез-келген адам кейде шалыс басып жаман әдеттерге беріледі, бірақ жіберілген қателіктің орнын толтырмақ бар. Әрбір адам дер кезінде оз қателігін түзете алса, бұл дегеніміз жауаптылықты сезіну болып табылады.